Қазақстандықтар Қытайға визасыз бара алуы мүмкін
Қазір екі ел арасында өзара талқы жүріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, Қытай әлемдегі негізгі серіктес елдердің қатарында. Сондықтан ендігі қадам экономикалық қарым-қатынасқа да дем болуы мүмкін.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы былтыр 24 млрд АҚШ доллардан асып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Оның ішінде импорт 33,5% өскен. Келіссөздерге қол қойылса, трансшекаралық сауда еркін әрі жылдам жүзеге асырылады. Сондықтан Қазақстан тағы 135 қосымша тауар түрін импорттауға дайын тұр.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қарым-қатынас, экономиканы дамыту, бәрі үшін осының бәрі жасалып жатыр. Визалық саясат Қазақстанда БҰҰ принциптарымен бірдей. Бәрі құқықтық теңдік. Біреуге жоғары беруге, біреуге бермейміз дейтін көзқарасымыз жоқ.
Бұл шара шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін береді. Инвестиция тарту көздері көбейеді. Турист көптеп келеді. Сан салада серпін болады. Қытайдың білім министрлігінің ақпараты бойынша, қазір ол елде 3,5 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Ең негізгісі ата-аналары өз балаларына кедергісіз бара алады.
Мирас Жиенбаев, ҚСЗИ жетекші сарапшысы:
- Ол жаққа турист ретінде, білім алуға, ем алуға, түрлі мақсаттарда еркін баруға болады. Бұрындары бұл сапар қиындау еді. Ең бірінші құжаттарды реттеудің өзінде көп кедергі болатын. Ал қазір тек ұшу билетін алып, сапарға шыға бересіз.
Айта кетейік, алдағы уағдаластық сәтті аяқталса, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен Қытаймен визасыз режимге көшкен бірінші ел болмақ. Бұл халықаралық аренадағы еліміздің беделі мен оған деген сенімнің артатынының кепілі.
Авторы: Нұрлан Әбдікәрім