Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев дүниеден өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы Бердібек Машбекұлының ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға зор үлес қосқанын атап өтті. Айта кетейік, іскер тұлға 70 жасында өмірден озды. Еңбек жолын өткен ғасырдың 70 жылдары совхоз жұмысшысы боп бастаған іскер азамат, 90 жылдары Білім министрінің орынбасары, Министрлер кабинетінің Аппарат басшысы қызметіне дейін көтерілді. Кейіннен Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарын басқарды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Үкімет басшысының орынбасары болды. Биыл белгілі қайраткердің 70 жылдық мерейтойына орай, «Хабар» телеарнасы арнайы жоба әзірлеген еді. Марқұмның өмір жолы туралы, «Ұлтқа қызмет үлгісі. Бердібек Сапарбаев» атты деректі фильмді, бүгін 21-45-те көре аласыздар...