Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы ШҚО-ның әкімі Ермек Көшербаевты қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу  барысында өңірдің жаңа басшысына маңызды міндеттер жүктеді.

Атап айтқанда,  азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру, аймақ экономикасын дамыту мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік салаларындағы тұрақты өсімді қамтамасыз етуді тапсырды.  

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қатон-Қарағай, Марқакөл аудандарын қайта құру жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, шекаралас аумақтағы елді мекендерді жүйелі түрде дамыту қажет екенін айтты.

Президент облыс әкіміне коммуналдық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, жылу электр стансаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау жөнінде тапсырма берді.