«Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң: сарапшылар пікірі
Мемлекет басшысы бірнеше Заңға қол қойды. Олар: «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы». Оның нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Мемлекет пайдасына түскен активтер арнайы мемлекеттік қорға беріледі. Осы мәселелер бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң да қабылданды.
Президент «Прокуратура туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» құжаттарға да қол қойды. Сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» жаңа өзгерістер де бекітілді.
Жаңа заңдардың халыққа берері қандай? Сарапшылардың бір тобы заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қатысты пікірлерін білдірді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кезінде болған заңсыздықты немесе келеңсіздіктердің бетін жабу соларды жауапкершіліктен шығару деген де пікірлер айтылып жатыр. Ол жалған пікір. Керісінше олармен жұмыс істеудің тетіктері мен механизмдерінің саны артып отыр. Ең бастысы – бұл қаражат елге қайту керек. Елдің экономикасына жұмыс істеу керек. Заңда көрсетілгендей, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы керек. Өткен жылдың нәтижесі бойынша қазынаға 1,5 млрд қаржы қайтты. Соған үкімет пен жергілікті билік 120 астам мектеп құруды бастап кетті.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі заңға қол қойды. Бұл заңның Қазақстанның қоғамның қатынастарындағы мәні мен маңызы өте ерекше. Бұл заң халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік комиссия құрылады. Заң жұмыс істеп, белгілі бір объектілер мемлекетке қайтатын болса, онда халықтың мемлекетке, елге деген сенімі артатын болады.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл мемлекетке қайтарылатын ақша. Ол халықтың әл-ауқатын көтеруге, сонымен бірге әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады. Халықтың да талап етіп жатқаны осы болады қазіргі кезде. Бұл халыққа, жалпы мемлекетімізге керек заң.