Хабар телеарнасы

Президент Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады

Президент Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады

Мемлекет басшысы Екібастұздағы жағдаймен танысқан соң Павлодар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет тыңдады.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың баяндауынша, бірінші жартыжылдықта өңірге 344 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға артық.

Өңір басшысы Екібастұзда құны 35 миллиард теңге болатын техникалық кремний өндіру зауыты салынатынын айтты. Cондай-ақ облыста EkibastuzFerroAlloys компаниясының зауыты іске қосылмақ. Жобаға 92 миллиард теңге инвестиция құю көзделіп отыр. Сондай-ақ жоба аясында  1500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал теміржол машинасын жасау саласында RailCastSуstems компаниясы инвестиция көлемі 78 миллиард теңгені құрайтын ұсталық-бандаж өнімдерін шығару кешенін іске қосуды жоспарлап отыр.

Өңірде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан бірқатар кәсіпорын мемлекеттік қолдауға ие болды. Атап айтқанда, «Нефтехим LTD» компаниясы ТМД-да бірінші болып эпоксидті компаунд өндірісін жолға қойды. «Қазмұнайхим» ЖШС еліміздің мұнай-газ саласына арналған реагенттер мен қоспалардың толық циклды өндірісі басталды.

Мемлекет басшысына Poly Metal International plc халықаралық компаниясы қолға алған ірі жобаның жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді.

Жоба аясында құрамында алтыны бар 300 мың тонна концентратты қайта өңдеп, одан 15 тонна алтын алу жоспарланған. Өндіріске құйылатын инвестиция көлемі – 347 миллиард теңге.

Бұдан бөлек, Президентке өңірдегі электроэнергетикалық кәсіпорындардың техникалық жағдайы туралы баяндалды. Облыс әкімі ГРЭС-1 және ГРЭС-2 энергоблоктарын, сондай-ақ Ақсу қаласындағы №7 электростанцияны жаңғырту жұмыстары 2024 жылы аяқталатынын айтты.

Сонымен қатар Асайын Байханов азық-түлік өндірісін ұлғайту перспективасы жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, облыста сүт өндірісі және оны қайта өңдеу көлемі артып келеді. Биыл қосымша 10 жаңа заманауи ферма салынады. Оған 30 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалуын қамтамасыз етуді және әлеуетті инвесторлар тарту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.