Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі егіс науқанымен танысты
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында көктемгі егіс науқанымен танысу үшін «Дайындық Агро» ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорда.
Аталған шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. «Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.
Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілді. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егістік алқаптарын минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жатыр. Биыл облыс бойынша 4,5 миллион гектар жерге егін егіледі, оның ішінде 3,2 миллион гектарға – дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар, 960 мың гектарға – майлы дақылдар, 353 мың гектарға – мал азығын, 34,1 мың гектарға – картоп, 6,2 мың гектарға – басқа да көкөніс түрлерін егу жоспарланған.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу мәселесіне ұдайы назар аударылады. Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев егістік басында облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен әңгімелесті. Олар мемлекеттің тиімді қолдауы нәтижесінде шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік алғанын айтты. Ірі шаруашылықтар ауыл халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік бастамаларға да үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Президенттің пікірінше, бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының артуына ықпал етеді. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысындағы еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығы саласындағы бір жұмысшыға шаққанда, 5 миллион теңгені құрайды. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Сондай-ақ Президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды. Сондай-ақ диқандардың көктемгі егіс науқанын сәтті атқаруына тілектестік білдірді.
Президент облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында ЕАЭО қызметінің басым бағыттары жөнінде пікірін білдірді. Жуырда Мәскеу қаласында ұйымның кезекті саммиті өтті.
- Ресей Федерациясымен шекара бойында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының стратегиялық маңызы зор. Ресей – біздің серіктесіміз. Біз ЕАЭО аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сауда мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргіземіз. Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшінші мемлекеттердің нарықтарына да кедергісіз және тиімді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі теміржол тарифтері қол жетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек.
Идеология, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларындағы мәселелер, әрине, назар аударуды қажет етеді. Бірақ басқа да платформалар бар. Онда біз барлық тиісті елдермен табысты ынтымақтастық орнатқанбыз. Сондықтан ЕАЭО, ең алдымен, 2015 жылғы Шартта бекітілген міндетін орындайды деп сенеміз. Жақында Беларусь Республикасының Президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынды. Мен оның әзіліне лайықты баға бердім. Менің ойымша, бұған ешбір қажеттілік жоқ. Өйткені басқа интеграциялық бірлестіктер, соның ішінде, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз. Менің ойымша, осы кең Еуразиялық аймақтағы немесе үлкен Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуға тиіс, оған біз бәріміз мүдделіміз. Нақты ортақ нарық құру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.