Геология саласы неге тұралап тұр?
Елдегі геология саласы 30 жылдан бері көлеңкеде қалып келеді. Пайдалы қазбалар қоры сарқылуда. Маман тапшылығы тағы бар. Ел бойынша 2 тектонист қана қалған. Осы және өзге де мәселелер алғаш рет ұйымдастырылған геологтардың Съезінде айтылды. Мамандардың сөзінше, жаңа кен орындарын зерттеуге бөлінетін қаржы мардымсыз. Сондықтан жұмыс та тұралап тұр. Бір шақырым жерді барлауға 8 доллар бөлінеді. Көрші Өзбекстан болса бізден 12 есе көп қаржы, яғни 100 доллар төңірегінде бөледі. Елдегі геологиялық зерттеулерді дамыту мақсатында, ұлыбританиялық компаниямен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Маңызды құжатқа сәйкес, екі тарап тәжірибе алмасатын болады.
Ерлан Ақбаров, ҚР ӨҚМ геология комитетінің төрағасы:
-Геологиялық саланы жандандыру қажеттілігі ерекше өзекті болып тұр. Тек оның тұрақты жұмысы ғана елдің болашақта ондаған жылдар бойы тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ете алады. Еліміздің жақсысына қуанып, жаманына неге көз салмаймыз? Неге жанымыз ашымайды?