Маңғыстау облысындағы 10 ауылды құм басу қаупі төніп тұр
Бес ауыл Бейнеуде, қалғаны Түпқараған, Қарақия мен Маңғыстау ауданындарында. Тұрғындар үйінің іргесіне, қора-қопсысы мен бау-бақша егетін жеріне көшпелі құм жақындап қалғанын айтып, әкімдіктен көмек сұрап отыр. Ғалымдар биыл жазда осы аймақта үлкен зерттеу жүргізбек. Оған бюджеттен 65 млн теңге бөлінген. Құмның қозғалу бағыты белгілі болған соң, оған тосқауыл болу үшін сексеуіл егіледі.
Әсел Балманова, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
-Зерттеушілер өз пікірлері мен ұсыныстарын беретін болады. Аталған жұмыстарға 3 биолог, 3 гидробиолог пен 3 географты талап еткен болатынбыз. Ағашты өзіміздің еркімізге қарай көрінген жерге егуге болмайды. Ең біріншіден, дендрологиялық карта, содан кейін топырақтың құрамы, физикалық-химиялық құрамы есепке алынуы керек.