Хабар телеарнасы

Сенатта инклюзия жөніндегі кеңес құрылады

Кеңес мүшелері мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты барлық мәселелерді талқылап, олардың шешімін қарастырады. Себебі елімізде сұранысы ерекше жандарға толық жағдай жасалмай келеді. Кедергілер әлі де жетерлік. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жауапты министрлік және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен болған жиында әсіресе, балалар арасындағы мүгедектік мәселесіне жеке тоқталып, елімізде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға қатысты негізгі міндеттерді атап өтті. Әрі бұл кеңес «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы» Заң жобасын әзірлеуге тың серпін беруі тиіс. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
-Біз бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқпыз. Сенат қабырғасында талай мәрте ұсыныстар жасалды. Белгілі бір шешімдер де бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданды. «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға» факультативтік хаттама ратификацияланды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар да іске асырылып жатыр.