Көшпенділер ойындарына 171 күн қалды
Елімізде өтетін көшпенділер ойындарына 171 күн қалды. Бүгін Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кері санақ тақтасы іске қосылды. Салтанатты рәсімге Дүниежүзілік этно-спорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысты. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Дүниежүзілік көшпенділер ойыны түркітілдес халықтардың ғана емес, әлемнің назарын аударған байрақты бәсеке екенін атап өтті. Оған 100-ге тарта мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар бір апта бойы спорттың 20 түрінен сынға түседі.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бар. Осы Көшпенділер ойынын сән-салтанатымен, лайықты деңгейде өткіземіз деп зор сеніммен айта аламыз. Осы іс-шараға біздің Мемлекет басшысы ерекше мән беріп отыр. Сондықтан бұл айрықша бәсекеге толы, үлкен Ұлы даланы дүбірлеткен дода болады ғой деп ойлаймыз.