Президент Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалына барды
Мемлекет басшысының Алматы қаласына жұмыс сапары Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Небәрі екі жылда салынған алып нысан жолаушылар тасымалы ғана емес, жүк тасымалының да артуына мүмкіндік береді. Халықаралық талаптар мен стандарттарға сай іске асқан мега жобамен Алматы әуежайын дамыту жұмыстары бітпейді.
Әуежайын көріп, қаласын таны. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралап көрді. Мемлекет басшысына терминалдың құрылысы қалай жүргізілгені жөнінде баяндалды. Еске сала кетксек екі жыл бұрын іргетасы қаланған кезде Президенттің өзі келіп, капсула салу рәсіміне қатысқан болатын. Ол жолаушыларды тіркеу, шекара және кедендік бақылау және жүк бөлімі аймақтарын аралап танысып шықты. Жаңа нысан өрт қауіпсіздігі мен сейсмикалық талаптарға сай. Мәселен, магнитудасы 10 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алады. Жаңа аэровокзалда жолаушылар мен әуе компаниялары санының өсетіні себепті тіркеу аймағына 50 баған, кеден аймағының ұшу бағытында 20, ұшып келу бағытында 32 бекет қойылған. Қазақстан азаматтары паспорттық бақылаудан 15 секундта өтетін болады. Мүмкіндінгі шектеулі жандарға да барлық мүмкіндік қарастырылған. Жаңа нысанның қызықтары бұнымен бітпейді.
Жаңа терминал несімен ерек? Мына нысан халықаралық EDGE стандарттарына сай. Ол дегеніңіз экологиялық ғимарат және ресурс тиімділігіне бағдарланған жүйе. Яғни қарапайым мысалмен түсіндіретін болсақ, мына жаңа терминалды пайдалану барысында 40% электр энергиясы, 20% су үнемделетін болады және тағы бір айта кететін жайт, осы құрылысты салу кезінде құрылыс материалдары басқа нысандармен салыстырғанда 20% үнемделген.
Серкан Каптан, «Tav airports holding» бас директоры:
-Біз Алматы халықаралық әуежайындағы жаңа терминал құрылысының аяқталғанын мақтан тұтамыз. 200 млн долларға жеткен бұл инвестиция - жаңа тарихи кезеңнің басы. Ол Алматының Орталық Азиядағы жетекші хаб ретіндегі рөлімен қатар, туризм мен сауданың дамуына ықпал етеді.
Жаңа терминал іске қосылған соң бұл нысанның жүктемесі жылына 14 млн жолаушыға жетпек. Алматы әуежайынан осы күнге дейін әлемнің 26 мемлекетіне 67 бағытқа жолаушы тасымалданып келсе, жаңа аэровокзалдың арқасында биылдың өзінде тағы 10 бағыт қосылады деп күтілуде. Ал келесі жылы Сингапурға, Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстер жоспарлануда. Тағы бір стратегиялық маңызды бағыт жүк тасымалы артады.
Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:
-КАРГО терминал, яғни жүктерді тасымалдайтын терминалдың қуаттылығы 100 мыңнан аспайды және әр жылы шектеулі болған соң 90,9698 мың тонна жүк тасымалданды. Қазір енді жаңа терминал құрылып жатыр. Оның қуаттылығы 200 мыңға жететін болады. Яғни Қазақстан Еуропа мен Азия арасында шынайы логистикалық хабқа айналады.
Серкан Каптан, «Tav airports holding» бас директоры:
-Біз Қазақстан Үкіметінің Алматыны хаб ретінде дамыту ниетін толықтай қолдаймыз. Сондықтан әуежайдың дамуына инвестиция салуды жалғастыра береміз. Жағармай жүйесін жаңғыртуды аяқтадық, биыл ескі терминалды ішкі тасымал үшін толықтай жөндеуден өткіземіз. Одан бөлек жүк айналымын жылына 200 мың тоннаға жеткізу үшін инвестиция құюды көздеп отырмыз.
Инвесторларға тоқтала кетсек. Алматы әуежайын дамыту жобасының жалпы құны - 780 млн доллар. Оны 4 халықаралық қаржы институты қаржыландырды. Ол Еуропалық даму және қайта құру банкі, дәл сондай Еуразияның және Германияның даму және қайта құру банктері сондай-ақ әлемдік банктің еншілесі - Халықаралық Қаржылық Корпорация.
Зафар Хошимов, халықаралық Қаржы корпорациясының Қазақстан және Қырғызстан бойынша аймақтық менеджері:
-Бұл терминалдың құрылысын қаржыландырудағы біздің үлесіміз - 222 млн доллар. Оның 150 млны бұл өзіміздің қаражат болса, 72 млн долларды біз басқа қаржы институттарынан тарттық. Оның сыртында біз консультациялық қызмет көрсеттік, себебі бізде энерготиімділікті арттыру бойынша халықаралық сертификатымыз бар.
Мемлекет басшысы халықаралық озық стандарттарға сай заманауи жобаны қаржыландырған барлық тарапқа және әуежайдың ісін жүргізіп отырған компанияға ризашылығын білдірді.
Умит Казак, «Tav construction» бас директоры:
-Мен жаңа терминалдың да, Алматы қаласының мәдени бет-бейнесін лайықты айшықтай алатынына сенемін. Жаңа терминалды екі жылда салып шықтық, ендігіде әуежайдың ескі ғимаратын толық жөндеуден өткіземіз. Оны біз салған жоқпыз, бірақ заманауи нысанға айналдыра аламыз. Оған толық сенімдіміз.
Жаңа терминал салынды. Жұмыс мұнымен бітпейді. Жаңа міндет жолаушылар ағыны көбейетіндіктен, Алматы әуежайына 3-ші ұшып қону жолағын салынады.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков