Хабар телеарнасы

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді

Қазақстан төрағалығымен өтетін айтулы іс-шара шілденің 3-і мен 4-і аралығына жоспарланып отыр. Саммитте ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін қозғайды деп күтілуде.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, халықаралық жиынға бақылаушы елдер көшбасшылары мен диалог бойынша серіктестер қатысады.

Ресми өкіл айтқан тағы бір тың жаңалық Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердегі әйелдер құқығын қазақ қызы қорғайтын болды. Ұйымның 2025-2028 жылдарға арналған әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі комитетке қазақстандық дипломат сайланды.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Алғаш рет Қазақстаннан кандидат – белгілі қазақстандық дипломат Мәдина Жарбосынова аталған комитеттің құрамына сайланды. Бұл маңызды тарихи сәт. Себебі бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының осы маңызды органында Орталық Азия елдерінің бірі де ұсынылмаған.