ШЫҰ саммиті: шетелдік сарапшылар пікір білдірді
Шетелдік сарапшылар еліміздің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етудегі еңбегін жоғары бағалап, алдағы саммитке қатысты пікірін білдірді. Қазақстан – Еуразиядағы ең ауқымды жобалардың бастамашысы. «Алдағы саммитте қаралатын мәселелер - Қазақстанның қажырлы еңбегінің нәтижесі», - дейді сарапшылар.
Қазақстан геосаяси шиеленіс пен сын-қатерлер артып, жаңа қақтығыстар өршіген кезеңде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында төрағалық етті. Соған қарамастан Қазақстан сындарлы сәтте өзін жаһандық бітімгер ретінде танытып үлгерді. Сирия қақтығысын реттеуде «Астана форматының» жетістігі, Әзербайжан мен Арменияның Алматыдағы келіссөздер туралы уағдаластығы — соның айғағы. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденконың пікірінше Қазақстан әлемдік ынтымақтастық туралы бастаманы дер кезінде ұсынып отыр. Бұл ұйымның ынтымақтастығын арттырып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Андрей Руденко, РФ сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Қазақстан осы уақытқа дейін өзін бастамашыл, жігерлі ұйым төрағасы ретінде көрсете білді. Оның төрағалығы барысында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Алдымен, мен осы ұйымды реформалау, тиімділікті арттыру, жалпы жаңарту жұмыстарына қатысты мәселелерді атап өткім келеді. Ұйымның құрылғанына біраз уақыт болғандықтан оның кей бағыттағы жұмысын жетілдіру қажет деп ойлаймын.
Қазақстан бұған дейін тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы секілді құрылымдарға жетекшілік еткен. Биыл Шанхай бірлестігінің мүшелері де сол міндетті сеніп тапсырған. Қазақстан оның жұмысына жетекшілік ету арқылы даму бағдарын айқындады. Өзбекстандық саясаттанушы Равшан Назаров телеарнамызға берген сұхбатында осылай деді.
Равшан Назаров, саясаттанушы:
- Қазақстан ұйымның белді мүшесі ретінде оның дамуына және қызмет бағытын нақтылауға үлкен үлес қосты. Бұл орайда мемлекет басшыларының ішінде тек Қасым-Жомарт Тоқаев қана кәсіби дипломат саналады. Сондықтан осы бағыттағы Қазақстанның тәжірибесі төрағалық ету кезінде айрықша сезілді, қызметіне серпіліс жасады. Мемлекет басшылары кеңесінде ынтымақтастықтың бағдары ретінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларға басымдық беруі ықтимал.
Әлем елдерінің Шанхай тоғыздығына қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Оның ішінде Түркия да бар. Бауырлас мемлекеттің басшысы бірер жыл бұрын беделді құрылымға толық мүше болу жағын қарастырып жатқанын айтқан.
Эльнур Хасан Микайл, халықаралық қатынастар профессоры:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы түркі әлемі тұрғысынан маңызды. Түркия, бұл халықаралық құрылымның диалог серіктесі. Ол еліміздің басқа бауырлас мемлекеттермен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болуға ұмтылысын білдіреді. Егер республикамыз оған толыққанды мүше болып кірсе көп мүмкіндікке қол жеткізер еді деп ойлаймын.
Сарапшылар ертеңгі саммитте Қазақстанның ұйымды жетілдіруге бағытталған ұсыныстары ескеріліп, халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне баса назар аударылады деген пікірде.
Авторы: Гүлмайра Қуатбайқызы, Бекболат Тұрмаханов.