Хабар телеарнасы

Саммитте көлік және логистикалық ынтымақтастыққа көп көңіл бөлінді

Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында жасалған келісімдердің маңызы зор. Себебі күні кеше Қазақстан бүкіләлемдік көлік жүйесіне кірді. Транскаспий арқылы Еуропаға жаңа бағыт ашты. Бұл отандық бизнеске кәрі құрлық елдерінің түкпір-түкпіріне дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Ендігі мақсат – серіктестік порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды».

Асхат Асылбеков, саясаттанушы:
-Қазақстан Орталық Азияда болғаннан кейін өзінің транспорттық хаб ретінде логистикалық мүмкіндіктерін толық пайдалану керек. Мысалы, Еуропа елдері Қытайдың үлкен бір сауда партнері болып тұр. Соның 48% Қазақстан арқылы пойызбен, контейнермен өтіп жатыр. Бұл үлкен жеміс және оны көбейту керек.