Хабар телеарнасы

Мәулен Әшімбаев БҰҰ Жаһандық конференциясында сөз сөйледі

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық конференциясында сөз сөйледі. Бұл жолғы жиын діни нысандарды қорғау тақырыбына арналды. Сенат спикері діни нысандар, адамзаттың болмысын, этикасын, өткенін тануға қажетті маңызды рухани және тарихи-мәдени мұра екеніне тоқталды. БҰҰ-ның діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарары бар екенін де атап өтті. Ал Қазақстан 2023 жылы аталған құжаттың тең авторы болды. Одан бөлек, Сенат спикері Қазақстанның рухани дипломатияны ілгерілету, елдегі конфессияаралық бейбітшілік пен бірлікті сақтау, діни нысандарды қорғау жолында атқарып келе жатқан жұмыстарына тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының төрағасы:

-Қазақстанда 100-ден астам этникалық топ тұрады және 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі бар. Сондай-ақ елде мешіттер, православие, католик, протестант шіркеулері, синагогалар, бахаи мен кришнайттердің ғибадат үйлері және Будда храмдары сияқты 4 мыңға жуық діни нысан қызмет көрсетеді. Біз осындай әралуандықты бағалаймыз және діни нысандарды қорғау үшін құқықтық базамызды үнемі жетілдіріп отырамыз. Сонымен қатар Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу арқылы дінаралық диалогты халықаралық деңгейде белсенді түрде дәріптеп келеді.