Бокс. Әлем чемпионаты
Бокстан Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының іріктеу кезеңі артта қалды. Финалдық кезеңге кіл мықтылар жолдама алды. Олардың арасында қазақ елінің ұл-қыздары да бар.
Ел намысын қорғауға барған 20 үміткердің тек төртеуі ғана жарысты ерте аяқтады. Олар Алина Базарова мен Надежда Рябец және жігіттерден Сабыржан Аққалықов пен Бекзат Нұрдәулетовтың жолы болған жоқ. Жалпы тұманды альбионда өтіп жатқан дүниежүзілік жарыста жаңа есімдер шығып келеді. Жалындап тұрған жастар біраз Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегерлерін жолдан ығыстырып тастады. Жарыстың жетінші күні де тартысты болмақ. 13 салмақта жерлестеріміз шаршы алаңға шығады. Жұрт асыға күтіп отырған қазақ-өзбек тартысы да енді басталады. Жерлестерімізге сәттілік серік болсын дейміз.
Шорт-трек шеберлері Астанада
Елімізде қысқы спорт түрлері жаңа маусымның шымылдығын ашады. Елорда төрінде шорт-трек шеберлері ұлттық біріншілік жүлделерін сарапқа салады. Ел чемпионатының ерте басталуы бекерден емес. Қыр астында қысқы Олимпиада ойындары. Оған дейін жолдама мәселесін түбегейлі шешу керек. Сондықтан мамандар Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша ұлттық құраманы жасақтайды. Бұл сайысқа осыған дейін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап келген Абзал Әжғалиев, Әділ Галиахметов секілді мықтылардың барлығы дерлік қатысады. Сосын ел чемпиондары Монреал мен Гданск және Голландияда өтетін лицезиялық жарыстарда бақ сынайды.