Теннисші Юлия Путинцева бірінші рет Австралия ашық біріншілігінің 4-ші кезеңіне жолдама алды. Ол түрік қызы Зейнеп Сенмезді үш сетта жеңді. Есеп – 6:3, 7:6, 6:3. Енді Путинцева америкалық Ива Иовичпен ширек финалдық жолдамаға таласады.
Скороходова сәтті өнер көрсетті
25-ші Ақ Олимпиаданың басталуына екі апта қалды. Ойындар қарсаңында әлемнің әр бұрышында түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Бұл спортшылардың дайындығын пысықтап, шеберлігін шыңдауға жақсы мүмкіндік. Осындай халықаралық жарыстардың бірі Италияның Поцца-ди-Фасса елді мекенінде тау шаңғысынан ұйымдастырылды. Дәл осы сында қазақстандық Александра Скороходова ең үздік нәтиже тіркеп, жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, Александра Олимпиада ойындарында слаломда және гигант слалом мен супер гигантта сынға түседі.
Самоделкина сүрінген жоқ
Ал Самоделкина алдыңғы ондықта. Қытайдың Бейжің қаласында мәнерлеп сырғанау бойынша әлемдік аламан өтіп жатыр. Төрт құрлық чемпионаты деп аталатын жарысқа ең үздік спортшылар жиналды. Жарыстың алғашқы күні қысқа бағдарлама бәсекелері өтті.
Қазақстандық Софья Самоделкина сәтті өнер көрсетіп, 62,29 ұпай жинады. Бұл нәтиже жалпы есепте 9-орынға орналасуға мүмкіндік берді. Қытайдағы жарыс әлі жалғасып жатыр және 25 қаңтар күні еркін бағдарлама бойынша бәсекелер болады. Соның қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталады.
Айта кетейік, Софья Самоделкина да Италияда өтетін қысқы олимпиада ойындарына жолдама алып қойды.
Биатлоншылар бабында емес
Ал биатлоншыларымзыдың жолы болмады. Дәл қазір Чехияның таулы аймақтарында әлем кубогы өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні 15 шақырымдық жекелей сындар өтті. Нәтижесінде қазақстандық Владислав Киреев 37-ші, Әсет Дүйсенов 70-ші, ал, Александр Мухин 75-ші сатыларға жайғасты. Алтын жүлде франциялық Эрик Перроға бұйырды. Үздік үштікті тағы бір франциялық және италиялық спортшылар түйіндеді.
Айта кетейік, Италиядағы олимпиада ойындарына 4 бірдей биатлоншымыз қатысады. Оның екеуі жоғарыда айтқан Владислав Киреев пен Әсет Дүйсенов. Бұған қоса ел намысын қорғайтын спортшылар тізіміне әйелдер арасында Милана Генева мен Айша Рақышева ілікті. Ал биатлон бойынша бізге берілген лицензиялар саны – 17.