Польшаның Закопане қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден халықаралық турнир өтіп жатыр. Осы жарыста қазақстандық спортшылар жақсы нәтиже көрсетуде. К-95 тұғырында Сергей Ткаченко 255,5 ұпаймен топ жарса, жастар арасында Даниил Калинкин мен Артем Мешковтар қола жүлдегер атанды.
Көкпаршылар жартылай финалда
Түркістан қаласында көкпардан әлем біріншілігі жалғасып жатыр. Жартылай финалға жолдама алған төрт мықты белгілі болды. «А» тобынан Қазақстан мен Өзбекстан жарысты жалғастыруға мүмкіндік алса, «Б» тобында Ресей мен Ауғанстан көкпаршыларының асығы алшысынан түсті. Жартылай финалда қазақтың тақымы мықты жігіттері ресейден сынақ қабылдайды. Ал өзбек пен ауғандар өзара күш сынасып, финалдық жолдаманы сарапқа салады. 21-ші наурыз күні ақтық айқас. Әлем чемпионатының жалпы ұтыс қоры 30 млн теңгені құрайды.
Үздіктер анықталды
Астанадағы «Алау» мұз айдынында коньки спортынан ел біріншілігі аяқталды. Бұл сынға халықаралық жарыстарда оза шауып жүрген мықтылардың барлығы дерлік қатысты. Жарыстың бірінші күні 500 және 1500 метр қашықтықта жүлделі орындар сарапқа салынды. Қыздар арасында Кристина Силаева ел чемпионы атанса, Кристина Шумекова күміс, Арина Ильященко қола жүлде иеленді. Ал мың жарымда Аринаның асығы алшысынан түсті. Ол Мария Деген мен Анастасия Боловодованы артқа тастап алтыннан алқа тақса, ерлер арасында 500 метрде Артур Галиев топ жарды. Евгений Кошкин екінші орыннан көрінсе, Алтай Жәрдембекұлы қоланы қанағат тұтты. 1500 метрде астаналық Нұралы Ақжол ешкімге дес берген жоқ. Қостанайлық Роман Биназаров пен Александр Кленконы қапыда қалдырған Нұралы – Қазақстан чемпионы