Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан жағажайдағы Азия ойындарында спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан құрамасының қоржынына қола жүлде түсті. Ағайынды Ришат пен Рашид Хайбуллиндер 11,98 секунд уақыт көрсеткішімен Таиланд спортшыларын сан соқтырып үштіктен көрінді.
Дзюдошылар тас-түйін дайын
Астанада дзюдодан айтулы жарыс өтеді. Қазақстан барысы Grand Slam аталған додаға 39 елден 300-ден аса спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында басым көпшілігі біздің қыз-жігіттер. Яғни жарыс қожайыны ретінде әр салмақта 4 спортшымыз бақ сынай алады. Нәтижесінде Қазақстан дзюдо федерациясы осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, 14 салмаққа 56 дзюдошыны шығарғалы отыр. Олардың арасында Шерзод Давлатов, Мағжан Шамшадин, Ғұсман Қырғызбаев, Нұрқанат Серікбаев, Нұрлыхан Шархан сияқты ұлттық құраманың үздіктері бар. Өкінішке қарай, тізімнен Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынованы көре алмадық. Екі спортшы да жарақатына байланысты бұл жарысқа қатыспайтын көрінеді.
Дүниежүзілік Grand Slam жарысы 8-10-шы мамыр аралығында Астана төріндегі жекпе-жек сарайында болады. Татамидегі тартысты көрем дейтін жергілікті тұрғындар мен елорда қонақтарына кіру тегін.
Стенд ату мергендеріне мүмкіндік
Ең үздік сұрмергендер Алматыға ағылып жатыр. Бұнда стенд атудан ересектер арасындағы әлем кубогі өтеді. Байрақты бәсекеге 43 елден 300-ден аса спортшы тіркелген көрінеді. Олардың арасында АҚШ, Австралия, Германия, Жапония және Италиядан әлемдік жарыстарда топ жарып жүрген тәжірибелі спортшылар да бар. Қазақстан құрамасының бапкерлері де құралайды көзге атқан қыз-жігіттерге сенім артып отыр.
Әлемдік аламанды Алматы іргесіндегі Александр Асанов атындағы арнайы ату алаңы қабылдайды. Жарыстың 2-ші мамырда басталып, 11-ші мамырға дейін созылады. Бұл бәсеке халықаралық спорттық ату федерациясының күнтізбесіне кірген рейтингілік жарыс саналады. Сәйкесінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұпай беріліп, кейін дәл осы көрсеткіш арқылы Лос-Анджелес Олимпиадасының жолдамалары үлестіріледі. Ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік серік болсын дейміз!
Жаңа стадион салынады Көкшетауда 10 мың орындық стадион салынады. Кеше жаңа стадионның іргетасын қалау рәсіміне Ақмола облысының әкімі, облыстық футбол федерациясының басшылары, Қазақстан футбол федерациясының өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ақмола облысына сапары барысында арнайы тапсырма беріп, соның аясында «UEFA-4» деп аталатын жоғары санаттағы жоба қолға алынған.
Заманауи инфрақұрылымда жайлы трибуналар, санитарлық аймақтар, тамақтану орындары, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар қарастырылады. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда «Оқжетпес» футбол клубы үшін толыққанды жаттығу базасын салу жоспарланып отыр.