Алматыда қысқы спорт нысандары жаңғыртылады

  • 6
  • 29.09.2026, 17:31

Алматының тау кластері қысқы спорт түрлерін дамытуға негіз болмақ. Шаһарда спорт нысандары, шаңғы жолдары жаңғыртылады. Осыған орай, алдағы уақытта мегаполисте халықаралық жарыстар өтеді. Яғни тау кластері қолданыстағы спорт базаларын тиімді пайдалану көздейді. 

Алматыда халықаралық додаларды өткізуге арналған алаңдар жетерлік. Мамандардың пікірінше, сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Тау кластерін дамыту аясында тау шаңғысына арналған инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Оған қоса фристайл мен басқа да қысқы спорттық ойындарға барынша жағдай жасалады. Нысандардың бірқатары 2029 жылы өтетін Қысқы Азия ойындарына дейін беріледі.

Әнел Көшкенбаева, «Almaty Tau Management» ЖШС PR және GR жөніндегі директоры:

- Жоба кез келген деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз әлем кубогынан бастап, әлем чемпионаты деңгейіндегі сайыстарды өткізу. Ал болашақта Олимпиада ойындарын қабылдауымыз да ықтимал. Ол үшін тау шаңғысы, фристайл, сноуборд тебу сияқты спорт түрлеріне қажетті жағдай жасауды көздеп отырмыз. 2029 жылы болатын Қысқы Азия ойындарына дайындық аясында Бұтақты спорт базасы да жаңартылады.

Нысандардың жаңаруы спортшылардың жарыстарға дайындығын жақсартады. Алматыда 2015 жылы өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына арнап салынған шаңғы жолы бар. Қазір мұнда жаттығатын спортшылар аз емес. Дегенмен жолдың құрылымын жетілдіріп, толыққанды спорт нысанына айналдыру қажет.

Игорь Деветьяров, шаңғы бойынша аға жаттықтырушы:

- Бұл жердің мүмкіндігі өте жоғары. Теңіз деңгейінен мың метр биіктікте, орта таулы аймақта орналасқан. Енді шаңғы жолын талапқа сай дайындап, қажетті бейінін қалыптастыру керек. Мұнда жастар арасындағы әлем чемпионатының өтуі нысанның әлеуетін көрсеткен болатын. Сондықтан бұл жерде халықаралық жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік бар. 

Тау кластерінің арқасында Алматы қысқы спорт түрлерінен жарыс өткізетін алаң ғана емес, мықты спортшыларды дайындайтын ортаға айналады. Бұл кәсіби командалардың біліктігін жетілдіреді. Сонымен қатар шаңғы спортына енді қадам басқан жастардың қызығушылығын арттырады. Қысқы спорт түрлеренің дамуына да оң әсер етеді.

Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев