Қызылордалық көкпаршылар ат спортын дамыту үшін кәсіби клуб ашуды сұрап отыр
Көкпар, жамбы ату, теңге ілу шеберлерінің дені Жаңақорған ауданының өрендері.
Бұл – еліміздегі көкпардан үздік 3 команданың бірі. Жаңақорғандық жасөспірімдер соңғы 5 жыл бедерінде жүлде салу үрдісін үзбей келеді. Тақымың тас, білегің балға болса да, атыңның күйі келмесе, қазандықты тулата алмасың анық. Облыс құрамасының 90% құрайтын Қыркеңсе аулындағы команданың негізгі мәселесі осы.
Нұржан Қамбарбеков, команда капитаны:
- Балаларымыздың барлығы жақсы. Бізге тек аттың жетіспеушілігі мәселе болып тұр. Ат болса, келесі жарыстарда I, II орыннан көрінеміз деп ойлаймыз.
Жамбы ату, аударыспақ пен теңге ілуден де облыс құрамасы құр алақан емес. Бір қызығы талабы таудай жастар жаттығатын арнайы база болмағандықтан, шабандоздар облыс құрамасының аға бапкері Ислам Боранбаевтың үйінің ауласында шынығады.
Төлеген Құлманов, Қыркеңсе ауылының тұрғыны:
- Жаттығу кезінде өзінің үйіне жатқызады. Тамақтандырады да. Аттарды суыту, жем беру дегеннің бәрін өзі қадағалап тұрады.
Аядай ауылда жаттыққанмен, дүбірлі додаларда облыстың, елдің намысын қорғайтын тақымгерлерге облыстық спорт басқармасы өткен жылы бірнеше жылқы сатып алып беріпті. Дегенмен аға бапкер Ислам Боранбаев Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарындағыдай кәсіби клуб құрылып, лайықты кешен салынса дейді.
Ислам Боранбаев, облыстық ұлттық спорт түрлері құрамасының аға бапкері:
- Жер телімі біздің ауданның, Жаңақорғанның спорт бөліміне берілген. Сол жер ыңғайлы болар еді. Арнайы бапкер келіп, клуб ашылып жатса игі еді.
Дегенмен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығы өңірде кәсіпқой ат спорты клубын ашу әлі ерте екенін алға тартып отыр.
Жақсылық Оспанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а.:
- Қазір кәсіпқой клубты ашу ерте деп айтып тұрмыз. Өйткені біздің шеберлеріміз аз. Қазақстанның құрама командасына бізден бір ғана бала кіреді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- «Көшпенді ата-бабамыздың тұрмыс-салтымен жеткен ат спортын дамытудағы мақсат – тек үздік нәтиже көрсету емес, бекзада өнерді ұлықтап, қазақи рухты биіктету», – дейді мамандар. Ат жалына жабысқан мына жеткіншектердің де жарқырайтын күні жақын. Ең бастысы рухани жаңғыруға бетбұрған тұста Сыр өңірінде көкпардың көкжиегін кеңейтудің жүйелі жоспары түзілгені қуантады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов