Алматыда комбат джиу-джитсудан Қазақстан чемпионаты аяқталды
Спорттың осы бір түрі Оңтүстік Қазақстан аумағында жақсы дамыған десек, Шығыстан келген жігіттер осы жолы өз шеберліктерін паш етті. Мақаншылық Қанат Рамазанов 57 келіде қарсыластарының бәрін қапыда қалдырса, қыздар арасында Үржарлық Назгүл Құбашева чемпион атанды. Алматы облысының намысын қорғаған Жақсыбек Аймаханов пен Жарас Мамраимов және Айбол Ахметов пен Үкілай Ахметуәлиқызы өз салмақтары бойынша чемпион атанды. Алматылық тәжірибелі спортшы Ерлан Тілеумбетов те топ жарды. Жеңімпаздар ұлттық құрамаға алынды. Енді олар биыл Үндістанда өтетін Азия чемпионаты мен Бакуде болатын әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды.
Асхат Бапин, ШҚО құрамасының бапкері:
- Бұл спорт түрі әлем бойынша үлкен деңгейде дамып келе жатыр. Былтыр біздің командамыз Украинаға әлем чемпионатына барып, содан жақсы нәтижемен қайтқан. Өзімнің екі балам күміс алды. Бір баламыз халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.