«100 шақырым+» челленджіне оралдық желаяқтар та қатысып жатыр
«Таза ауада жүгіру денені шынықтырып қана қоймай, көңіл-күйді көтеріп, жаңа белестерге жетелей түседі», - дейді олар.
Талғат Ізтілеуов жүгіруді пандемия кезінде бастаған. Карантиндік шектеулерге байланысты спортзалдар жабық болғандықтан, ол саябақта жаттығуды ұйғарған. Содан бері таңертең таза ауада жүгіру желаяқтың күнделікті әдетіне айналды.
Талғат Ізтілеуов, челленджге қатысушы:
- Алғашқы екі апта ішінде 100 шақырымдай жүгіріп өттім. Қыркүйек, қазан айларында 600 шақырымдай болды. Қазір барлығын қоса алғанда мың шақырымға жетіп қалды. Челленджді қуана қолдаймын. 1,5 млн теңге, әрине, жігерді жани түседі. Әйткенмен ең бастысы сыйақы емес, өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға бағыттау.
Шыңғыс Бимұқановтың да спортпен айналысқанына көп бола қоймаса да, қазір ұзақ қашықтықты оңай еңсере алатын болды. Әуесқой спортшы бұрын жүгіруге оңша құлық танытпапты. Алайда жаңа көршілері оның құлшынысын оятқан көрінеді. Желаяқ үнемі таңертең көшеде, ал кеште спортзалда жүгіреді. Салауатты өмір салтын ұстану нәтижесінде артық салмақтан арылғанын айтты.
Шыңғыс Бимұқанов, челленджге қатысушы:
- Басында өте қиын болғаны рас. Тез ентігіп қалатын едім. Қазір оның бәрі артта қалды. Жылдың басында салмағым 110 келі болған. Жүгірудің арқасында 17 келі салмақ тастадым. Жұмыс күндері 8 шақырым, ал демалыс күндері 10 шақырымдай қашықтыққа жүгіремін. Жаттығу маған ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Марафоншылар бұл челлендждің бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізетініне сенімді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов