Әділбек Мусин Азия чемпионы атанды. Спорт жаңалықтары
Филиппин елінде су спортынан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан спортшылары құрлық біріншілігін сәтті бастады. Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Ұлттық құрама жалпы саны 21 медаль ұтып алды. Нью-Кларк-Сити қаласындағы Азия чемпионаты 9 наурызға дейін жалғасады.
Әділбек Мусин Азия чемпионы атанды. Қазақстандық спортшы 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алдына жан салмады. Әділбектің жеңісті жолын Аделаида Пчелинцева мен София Сподаренко да жалғастырды. Аделаида 50 метрге брасс әдісімен жүзуде құрлық біріншілігінің рекордын жаңартты. Жерлестеріміз тұғырдан секіруден де бас жүлдені ешкімге бермеді. Диана Жұмағұлова мен Анабелла Кочкина жұбы жалпы есепте топ жарды. 1500 метрге еркін әдіспен жүзуде Диана Тасжанова күміс жүлдеге қол созды.
Әділбек Мусин, суда жүзуден Азия чемпионы:
-Осы жарыста жастар да, ересектер де өте жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Өкінішке қарай олимпиаданың А лицензиясына кішігірім жетпей қалды. Бірақ қазақта айтады ғой: бұйырғаны кетпес, қуған жетпес. Соған сенемін.
Боксшылар лицензиялық турнирге аттанады
Қазақстан боксшылары Олимпиада ойындарына жолдама беретін жарысқа тыңғылықты дайындалды. Мырзағали Айтжанов баптайтын ерлер құрамасы Түркістан облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Былғары қолғап шеберлері ертең Италияға аттанады. Қазір Ұлттық құрамада жалғыз жолдама бар. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев былтыр жазғы Азия ойындарында лицензияға ие болған еді. Италияның Бусто-Арсицио қаласындағы әлемдік турнирге еліміздің атынан алты боксшы қатысады. Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек және Айбек Оралбайлар Париж олимпиадасының жолдамасына таласады.
Шымкентте баскетболдан жасөспірімдер арасында қысқы чемпионат басталды
Шымкентте 3х3 баскетболдан балалар мен жасөспірімдер арасында Қазақстанның қысқы чемпионаты басталды. Ел біріншілігі 4 жас ерекшелігі бойынша өтеді. Қазақстанның 11 өңірінен жалпы саны 109 команда жиналған. 400-ден аса балғын баскетболшы 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгілер арасында ел чемпиондарын анықтайды. Қажымұқан атындағы кешенде өтіп жатқан жарыс 29 ақпанда аяқталады.
Әзиз Тұрсұмбаев, ҚР жасөспірімдер чемпионатының басшысы:
-3х3 баскетболы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген соң бұл спортқа деген қызығушылық артты. Баскетболдың дамуына жол ашылды. Қазір жарыс қожайындары Шымкент пен Түркістан облысы мен Алматы қаласының командалары жақсы ойнап жатыр. Балалардың ойын деңгейі де өскені байқалады.