Германияда футболдан Еуропа чемпионаты басталады. Спорт жаңалықтары
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 11-ші турында көшбасшылар өзара кездеседі. Ертең «Тобыл» «Қайратты» қабылдаса, «Қайсар» «Тұранмен» алаңға шығады. «Шахтер» «Атыраумен» ойнайды. Жексенбіде жұрт назары «Елімай» мен «Ақтөбе» матчына ауады. «Астана» «Ордабасымен» кездеседі. «Жетісу» - «Жеңіс» өзара кім мықтыны анықтайды. Ал бүгін түнде Еуропа чемпионаты басталады.
Құрлық біріншілігі жарыс қожайындары мен Шотландия арасындағы матчпен ашылады. А тобындағы командалардың кездесуі Мюнхен қаласындағы Альянц Арена стадионында өтеді. «Германия кейінгі онжылдықта ірі турнирлерде жеңіске жеткен емес. Сәтсіздіктер сериясында нүкте қоятын сәт туды»,— дейді мамандар. Қазір бундестимді Юлиан Нагелсманн жаттықтырады. «2023 жылы команда тізгінін ұстаған бапкер құрлық чемпионатында топ жаруға шама жетеді»,— деді. Нагелсманн нәтижеге жету үшін талантты жастардан бөлек, тәжірибелі ойыншыларды да құрамаға шақырды. Ұлттық командамен қош айтысқан Тони Кросс Германия командасына қайта қосылды. 2014 жылы әлем чемпионы атанған қақпашы Мануэль Нойер мен жартылай қорғаушы Томас Мюллер де алтын медаль үшін аянып қалмасы анық. Жақында бундеслигада жеңіске жеткен Флориан Вирц және Жамал Мусиала секілді жалынды жастар бар. Германия мен Шотландия арасындағы матч астана уақытымен түнгі он екіде басталады.
Олимпиада алауы Таитиге жетті.
Аралда серфингтен Париж ойындарының медалдары сарапқа салынады. Төрт жылдықтың басты додасындағы жарыстардың бір бөлігі Францияға қарасты аралда ұйымдастырылады. Алау эстафетасы қайықпен серфинг сайыстары өтетін жағалауға жеткізіліп, жергілікті жұртқа көрсетілді. Бұған дейін Олимпиада жалыны Франция аумағын шарлап шықты. Енді осы аптада француз Полинезиясына қарасты аралдарды аралайды. Эстафета 26 шілдеде Париж ойындарының ашылу салтанатында мәресіне жетеді. Франция астанасындағы кешенді сайыс 11 тамызға дейін созылады.
Оралда каратеден халықаралық турнир басталды.
Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған дәстүрлі жарыс 9-шы мәрте ұйымдастырылды. Жекпе-жек сайысына елдің барлық өңірі мен Ресейден және Қырғызстаннан жалпы сан 800-дей спортшы жиналды. Жасөспірімдер, кадеттер және жастар арасында топ жарғандар ұлттық құрамаға қосылып, Азия және Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. Халықаралық турнир үш күнге созылады.
Файзолла Батырғали, турнирге қатысушы:
-Өте мықты деген дәрежелі спортшылар жиналып жатыр. Әрине жарыс оңай емес. Барлығы үлкен дайындықпен келген.
Шаттық Қажымұқан, каратэден жастар құрамасының бас бапкері:
-Біз балаларды іріктеу жасап жатырмыз. Бізде үш рейтинг болады, кім көп ұпай жинайды сол жастар арасындағы Қазақстан құрама командасына кіреді.