Астанада бокстан жасөспірімдер арасында турнир басталды. Спорт жаңалықтары
Астанада бокстан жасөспірімдер арасында турнир басталды. Шаршы алаң бәсекесіне 100-ге тарта былғары қолғап шебері жиналды. Жарыс төрт күнге созылады. Боксшылар 14 салмақта сынға түсіп жатыр. Жеңіске жеткен балалар ел біріншілігіне жолдама алады. Елордадағы бокс турниріне спорт мектептерінен бөлек, жеке клубта жаттығатын өрендер де қатысуға мүмкіндік алды. «Талантты балаларды іріктеп, халықаралық жарыстарға апарамыз»,– дейді бапкерлер.
Мәулет Мұстафин, жаттықтырушы:
-Біздер тек мықты балаларды апаруымыз керек. Ол жағына көңіл бөліп жатырмыз. Қазақстан чемпионатына бұдан іріктеп алады. Сол Қазақстанға қатысады. Жеңген балалар әрі қарай Азия, әлемге қатысады. Олимпиадаға балатын балалар осы жерде ғой.
Александр Шевченко мен Бейбіт Жұқаев Алматы Open турнирінің екінші айналымына шықты. Қазақстан теннисшілері АТР 250 сайысын сәтті бастады. Шевченко алғашқы сында тағы бір қазақстандық спортшы Михаил Кукушкиннің осал тұсын тапты. Жерлестердің ойыны тартысты өтіп, жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Бұл жолы Александрдың басымдығы байқалды. Қорытынды есеп: 7:6, 7:6. Матч екі сағат 23 минутқа созылды. Шевченко ширек финал жолдамасын ресейлік Аслан Карацевпен сарапқа салады. Бейбіт Жұқаев ливандық Бенжамин Хассанды ұтты. Есеп:6:4, 6:1. Қазақ жігіті енді Тимофей Скатов пен Томаш Махач арасындағы жеңімпазбен кездеседі.
Авторы: Қанат Базылхан