Алматыда XV Еуразиялық медиа форум басталды
АҚШ, Еуропа елдері, Оңтүстік Шығыс Азия, Үндістаннан келген сарапшылардың басын қосқан жиын технологияның дамуы және сипаты өзгерген медиа саланың тиімді тұсы мен тәуекелі жайлы айтты.
«Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем» тақырыбын қамтыған жиынның алғашқы күні шеберлік дәрістермен басталды. Қатысушылар ақпараттар тасқынынан шынайы мәліметтерді алып, әп-сәтте әлемнің кез келген түкпірінен ақпарат тарату мүмкіндігі, медиа этиканың маңызы, аудиторияға қажетті ақпаратты жазудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру төңірегінде пікір алмасты.
Юсуф Омар, «Hashtag our stories» негізін қалаушы /Ұлыбритания/:
- Қазір мобильді технологиялар біртіндеп кейін шегеріліп, оның орнын виртуалды шындық басып келеді. Менің тағып тұрған көзілдірігім бейне түсіріп, кез келген нүктеден репортаж жүргізуіме мүмкіндік береді. Ол цифрлық бағдарламалардың көмегімен жүзеге асады. Нақтырақ айтқанда, бұл қазіргі журналистиканың бәсеке құралына айнала бастады.
Форум қатысушыларын қызықтырған тағы бір тақырып – фейк-жаңалықтар көбейіп кеткен қазіргі кезеңде қоғам сеніміне қалай ықпал етуге болады? Бұл туралы дәрісті СNN телеарнасының халықаралық жобалар бойынша шығарушы редакторы Райан Смитт жүргізді. Шеберлік сабағында ойларын ортаға салған сарапшылар: «Жалған ақпаратпен күресудің бір ғана жолы бар», – дейді.
Саясат Нұрбек, тәуелсіз сарапшы, Еуразия медиа форуымының кеңесшісі:
- Жалған ақпарат көп болып кетті. Онымен күресуге мүмкін емес. Бірақ түбегейлі жүйелі шешім бар. Ол – мектептерден бастау. Қазіргі таңда Еуропада, дамыған елдерде орта мектеп деңгейіндегі оқу бағдарламаларына «Сыни түрде ойлай білу», «Ақпараттық сауаттылық» деген пәндер кіргізіліп жатыр. Балаларды ақпаратта ақиқат пен жалғанды ажыратуға қабілетті болуға үйретуіміз керек.
Андрес Ильвес, жазушы, журналист:
- Ақпаратты жедел таратумен қатар, журналистер нақтылықтың қаншалықты маңызды екенін естен шығармау керек. Бұл ақпаратты тұтынушыға деген құрметті білдіреді.
Еуразиялық медиа форумның жұмысы әлі екі күнге жалғасады. Ертең басталатын пленарлық мәжілісте әлемдік басылымдардың шолушылары мен журналистері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ-ның өкілдері баяндама жасайды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов, Валентин Лобанов