Хабар телеарнасы

Қазақстандағы АЭС құрылысы: Алматыда 19-шы жария талқылау өтті

Атом энергетикасын дамыту Қазақстанның экономикалық, технологиялық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Алматыда өткен жария талқылауға қатысқан сарапшылар осылай дейді.

Өңірлер бойынша 19-шы рет өтіп отырған қоғамдық талқылауға қатысушылар нақты ғылыми зерттеулер негізінде атом электр станцияларының тиімділігі жайлы ақпаратын бөлісті. Олар алдымен атом электр станциясын салудың экологиялық артықшылықтарын алға тартты.

Қазір жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі басты мәселеге айналды. Бұған ауаға тарайтын көмірқышқыл газының көп мөлшері себеп болып отыр. Елімізде көмірқышқыл газы шығарындыларының 80%-і энергетика секторына тиесілі. «Ал атом энергетикасы зиянды қалдықтарды 70 млн тоннаға дейін азайтады», - дейді ғалымдар. 

Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Электр энергиясын шығаратын кез келген өндірістің зиянды жағы бар. Тіпті су электр стансасы. Маман ретінде маған сеніңіздер. Қарапайым тілмен түсіндірейін. Көмір стансаларының зиянды шығарындылары көп, гидроэлектростансалары арқылы су энергиясын электр энегриясына айналдыру үшін ауқымды аумақты су басып жатады. Енді мәселе бүгінгі таңда электр энергиясын өндірудің барлық әдістерінің ішінен ең экологиялық таза және мүлдем қауіпсізін таңдау қажет.