XV Еуразиялық медиафорумда жалған ақпараттың қаупі туралы айтылды
Цифрландыру дәуірінде фейк, яғни жалған ақпарат тарататындар көбейіп жатыр.
Қазір әр адам смартфонына кез келген жерден сурет не бейне түсіріп, ақпараттың мазмұнына бас ауыртпай-ақ, әлеуметтік желіге жүктей салады. Ал оны сенсация іздеген, ақпаратты жедел жеткізуге жаны құмар адамдар іліп ала жөнеледі.
Ондай шындыққа жанаспайтын, жалған ақпарат таратуға жол бермеу керек. Қоғамның сеніміне ие болу үшін не істеу керек екені – Алматыдағы XV Еуразиялық медиафорумда талқыланған маңызды тақырыптардың бірі. Шетелдік сарапшылар да фейк ақпараттың қаупі туралы айтты. Өйткені жалған жаңалық халықаралық саяси байланысқа сызат түсіруі мүмкін.
Роджер Фиск, Саяси стратегия мәселелері жөніндегі сарапшы /АҚШ/:
- Қазіргі уақытта әрбір білімді адам ақпаратты оқыған кезде оның дереккөзін тексеріп, жалған немесе шынайы ақпарат екенін ажырата алуы керек. Бұл – заман талабы. Біз заманауи ақпараттық технологияны тиімді мақсатқа пайдаланса дейміз.
Срайыл Смайыл, «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы:
- Блог саласы немесе жалпы әлеуметтік желілердің қазіргі даму барысы мына бұқаралық ақпарат құралдарына мықты бәсекелестіктің пайда болғанын, болашақта бұқаралық ақпарат құралдарына қалай жұмыс істеу керектігін ойлануына мәжбүр етеді деп ойлаймын.