Хабар телеарнасы

Тазының күшігін қалай таңдайды?

Құмай тазы – ұлттық құндылық, жеті қазынаның бірі. Қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысының тапсырмасымен көтерілді. Бұл игі іске кәсіби аңшылар да атсалысуда. 

Сұлтан Мұхамедқалиұлы қазақтың саятшылық дәстүрін сақтап келе жатқан азамат. Атасы Бәйетбай Жетісу өңіріне аты әйгілі аңшы болған. Ата жолын жалғастырып, ит жүгіртіп, құс салып, аң аулайды. Бүркітшілер ауылы атанған Нұрада құмай тазы асырайды. «Тазының күшігін төрт айлығынан түлкінің құйрығымен ойнатып, кейін қосаяқ ұстап әкеліп жүгіртеміз», - дейді аңшы.

Сұлтан Исабеков, саятшы: 
- Кейін аңды қаққан кезде сол тәсілге үйренеді жылдамдығына қосаяқтың. Бір. одан кейін тазының мойны қатпайды. Қосаяқ алдайды. Күшіктерге қызық болып... өзі іші пысып тұрған күшіктерге мынау таптырмас ойын болып есептеледі. Әрі ойын, әрі болашақ үлкен аңшылыққа тәжірибе жинайды.

Тазыға тамақты орнымен беріп, жататын жері жылы болу керек. Өкпе мен сіңірден суық өтпеуін қадағалау маңызды. Егер ит қимылсыз бір орында көп тұрып қалса, аңға жарамай қалады. Сондықтан ауыл маңына жүгіртіп, бұлшық еттерін, сіңірін созып жаттықтырады. Табан етін шынықтырады.

Алмас Садуақас, тілші: 

- Аң алатын тазыларды аңшылар шілденің шіліңгір ыстығынан кейін жақсылап жаратып баптайды. Өкпелері күйіп кетпеуі үшін жазықта көп серуендетеді. Артық еттен арылған тазы аңға жақсы түседі.

10 айға толғамаған тазы тұқымын түлкі мен қасқырға салу обал. Себебі беті қайтып, жасқаншақ болып қалады,-дейді аңшылар. Бұл кезде қарсақ аулаған абзал.

Сұлтан Исабеков, саятшы: 

- Қарсақтан беті қайтпайды тазылардың. Қатты тістемейді ол. Шибөрілер сияқты. Сол қарсақтан ауыздандырып, ақырын-ақырын түлкіге, одан кейін барып шибөріге, ары қарай тәжірибе жинайды. 

Тазы – көшпенді халықпен бірге жасап келе жатқан кірпияз ит тұқымы. Өткен ғасырдың басында қазақ даласында 10 мыңға жуық тазы болған деген тарихи дерек кездеседі. Қазақтар тазыны жарғақ құлақ тазы және шашақ құлақ тазы деп екіге бөледі. Бұған қоса дүрегей тазы – терісі қалың, суыққа шыдамды, денесі кесек. Қасқырды алатын батыл тұқымы да кездеседі.

Мұхамедқали Исабеков, саятшы:

- Жетісудың Көкқасқасының ерекше белгілерінің біреуі қасқырдыкі сияқты қара таңдай болады. Күшік таңдағанда аталарымыз таңдайына қарайды. Қара болса, риза болады. Себебі қара таңдай күшікті ауыздандырудың керегі жоқ. Ол өзі өжет, батыр болады. Одан кейін қандыкөз бүркіт сияқты. Ол да жақсы. Тектіліктің белгісі.

Былтыр елімізде қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы ашылды. Оған қазынадан 1,4 миллиард теңге бөлінді. Орталық қазақы ит тұқымдарын сақтау және көбейтумен айналысып, мамандар даярланады. Соның аясында Жетісу облысы, Айнабұлақ елді мекенінде питомник салу қолға алынды. 

Жақып Есболаев, қазақы ит тұқымдары орталығының басшысы:

- Орталық құрылысы салынып жатыр. Ұлттық орталықта тазы мен төбеттің стандартын бекітіп. Тазыныкі бекітіліп бітті. Бүгінгі таңда біздің жоспардағы ұлттық аңшылық іске асырылды. Өте жоғары дәрежеде өткізілді.

Сонымен қатар асыл тұқымды иттерді өсіру және оларға куәлік беру бойынша кинологиялық қызмет болады. Қазіргі кезде қазақы ит тұқымдарын сақтаумен айналысатын заңды және жеке тұлғалармен бірлесіп тұқым стандарттары пысықталып, сынақтар, көрмелер мен байқаулар ұйымдастырылып жатыр.

А. Садуақас. Ә.Нарынбаев