Алматыда ҰҚШҰ елдерінің отырысы өтті
Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті. Жиынға әскери құрылым қолбасшылары мен біріктірілген штаб басшысы қатысты. Ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ықтимал қауіп-қатерлер жөнінде баяндама жасады. Тараптар әскери қауіпсіздік жөніндегі ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Кеңестің пленарлық отырысында ұжымдық күштердің дайындығын жоспарлау, оларды заманауи үлгідегі қару-жарақ пен арнайы техникамен жабдықтау мәселесі қаралды.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
-Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде біріккен оқу-жатығу жиындарын өткізу, ұжымдық күштерді жабдықтау, келесі жылы өткізілетін іс-шараларды жоспарлау мәселесі қамтылып отыр. Сондай-ақ біріктірілген штабтың жұмысы, қаржыландыруға қатысты сұрақтар қаралды. Ұйымға мүше мемлекетер Қорғаныс министрлерінің келесі кездесуі қараша айында Астанада өтеді.