Петропавл мұражайына мамонттың сүйегі тапсырылды
Петропавлдың тарихи-өлкетану музейіне мамонттың сүйегі тапсырылды.
Оны қала тұрғыны Есіл өзенінің жағалауынан балық аулап жүріп тауып алған. «Бұл – ежелгі пілдің жамбас сүйегі мен мойын омыртқасы», – дейді археологтар.
Мұз дәуірінде өмір сүрген жануардың қалдықтары ғасырлар бойы судың астында жатса да, бүлінбепті. Енді оны табиғат бөлімінің ғалымдары зерттейді. Бұл олжа мұражай қоры үшін құнды жәдігер болып саналады. Тарихшылардың айтуынша, мамонттар Солтүстік Қазақстан облысын мекендеген. Оның алғашқы сүйегі – азу тістері 1923 жылы табылған екен.
Әлия Үсенова, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
- Бұл сүйектер арнайы жерде сақталып отыр. Кептіру керек. Содан кейін қай кезеңге жататындығы, салмағы дегендей зерттеу жұмыстары жүргізіледі.