Петропавлда «Ауыл жастары» құрылыс жасақтары құрылды
Олар көктемгі тасқынннан зардап шеккен тұрғындарға жаңа үй салуға жаз бойы атсалысады. Қатарға қабылданған жас мамандар салтанатты шеру өткізіп, алғашқы жұмыс күніне кірісіп кетті.
Құрылыс жасағына алғашқы 80 студент қабылданды. Олар жаз бойы көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға үй салады. Салтанатты шеру барысында жас мамандарға аға буын өкілдері ақ жол тілеп, құрылыс алаңына шығарып салды.
Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі жеке келіп, тұрғындармен кездесіп, жағдайды біліп, тиісті Үкіметке, тиісті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмаларды беріп және де сол кезде басқа өңірлерде де тұрғындармен кездескенде Президентіміздің бір берген уәдесі бар, ешкім көмексіз қалмайды, ешкім назарсыз қалмайды. Сондықтан ол баршамыздың азаматтық борышымыз.
Қатарға қабылданғандардың бірі – Мұхаммедамин Уәлихан. Ол Петропавл құрылыс - экономика колледжінің 3-ші курс студенті. Жас маман жазда демалудың орнына ақша тауып, үйсіз қалған отбасыларға көмек бермек.
Мұхаммедамин Уәлихан, «Ауыл» жастары құрылыс жасағының мүшесі:
- Бұл жерге келген себебім – өңірдегі болып жатқан жағдайларға байланысты баспанасыз қалған отбасылардың тез-тез баспаналы болуына көмек қолын көрсеткім келеді. Және де бір жағынан мен өзім тәжірибе аламын бұдан. Және де айлыққа жұмыс істеп, ақша табамын бір жағынан.
Қазір қала шетіндегі ықшамауданда 12 құрылыс компаниясы 500 үй салып жатыр. Олар тұрғындарға дайын күйінде тапсырылады. 10 соттық жер қоршалып, толық абаттандырылады. Бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қоры мен еліміздің ірі компаниялары қаржы бөлді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Енді студенттер жаз бойы осында жұмыс істейді. Осылайша олар тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың тезірек үйлі болуына азды-көпті үлесін қоспақ.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков