Петропавлда электромобильді қуаттайтын құрылғылар құрастырылады
Петропавлда электромобильді қуаттайтын құрылғылар құрастырылады. Қазақстанда үлкен сұранысқа ие бола бастаған өнім елдегі ең көне кәсіпорынның бірі электро-техникалық зауытта жасалады. Жергілікті инженерлердің бастамасымен бүгін өңірге барған Премьер-Министр Олжас Бектенов танысты. Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы қаладағы тағы бірнеше өндірістік нысанды аралап, тасқынға қарсы іс-шараларды пысықтады.
Бұл зауытта баспалық платалар, электронды техникалардың бөлшектері мен қорғаныс, газ-мұнай және теміржол салаларын автоматтандыру құрылғылары құрастырылады. Яғни технологиялық өндірістің түрі-түрі игерілген.
Отандық ғалымдардың тағы бір тың жобасы мына бір қауіпсіздік жүйесі. «Ақылды» камера жасанды интеллект арқылы бейнеге түскен адамның кім екенін анықтайды.
Былтыр кәсіпорында 6,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Енді мамандар электромобильді қуаттайтын құрылғыларды құрастырмақ. Тың жобамен Премьер-Министр Олжас Бектенов танысып, отандық өнімнің мазмұнын арттыруды тапсырды.
Алмас Нұрмағамбетов, зауыттың бас директоры:
-Жас мамандар қуаттау құрылғысын ойлап тапты. Ол импорттық баламасынан артық болмаса, кем түспейді. Біз Отандық нарықты толық қамтуға дайынбыз. Жылына мыңдаған данасын шығаруға мүмкіндігіміз жетеді.
Үкімет басшысы Петропавлдағы жылу электр орталығында да болды. Былтыр әбден ескірген қазандықтарды жөндеуге 10 млрд теңге инвестиция тартылған. Жаңғырту жобалары биыл да жалғасады. Ал 2022 жылы құлаған мұржаның құрылысы мамыр айында қайта басталмақ. Бұдан кейін Олжас Бектенов қаланың су торабына барды. Есіл өзенінің ағысын реттейтін нысанның жағдайын көріп, тасқынға қарсы іс-шаралармен танысты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Еліміз бойынша қазір кейбір өңірлерде су тасқыны болып жатыр. Сондықтан қазір жеке құрам, техника бәрі жұмылдырылды. Бірақ та енді жағдай күрделі. Барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіледі. Көмексіз, Үкіметтің көмегінсіз, назарынсыз ешкім қалмайды.
Солтүстік Қазақстан облысында 87 ауылды су басуы мүмкін. Сондықтан мамандар жедел әрекет ету штабын құрып, қауіпті аймақтарға құтқарушылар тобын жіберді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков