«Нұрлы жер»: Жылына 100 мыңнан астам адам баспаналы болады
Орал қаласында тұратын Құлжановтар отбасы 16 жыл тұрғын үйге кезекте тұрған. «Нұрлы жер» бағдарламасы іске қосылғанда ғана қоныс тойын тойлап отыр. Бұған дейін пәтер жалдап, көшіп-қонып келген отбасы баспана бұйырғанына қуанышты.
Қайырғаным Қадерова, Орал қаласының тұрғыны:
- Осыған дейін пәтер жалдап тұрдым. Қыз-күйеуімнің қолында тұрдым. Енді қуаныштымын. Баспаналы болып жатырмыз. Рахметімді айтқым келеді. Біз сияқты панасыз жүрген адамдарға, осындай мүгедек балаларға көмек көрсетіп, пәтерлі болып жатқанымызға қуаныштымыз.
Былтыр Орал қаласында 1287 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үй тапсырылды. Оның 7-і «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына арналса, біреуі кезекте тұрғандарға берілді.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Ал мынау міне, елордада «Нұрлы жер» бойынша салынған тұрғын үйлер. Былтыр елімізде тұрғын үй құрылысының дамуы рекордтық көрсеткішке жетті. Жоспардағы 10 млн емес, 11,2 млн шаршы метр үй тұрғызылды. Яғни 100 812 баспана пайдаланылуға берілді. Елбасының тапсырмасымен тұрғын үй құрылысын қарқынды дамыта түсу жалғаса бермек. Биыл бұдан 10 пайызға көбірек үй салынбақ.
«Нұрлы жер» арқылы былтыр мемлекет қаржысы есебінен 25 095 пәтер тұрғызылған. Оның 2,5 мыңнан астамы сатып алу құқынсыз жалдамалы баспана болса, кредиттік пәтерлер саны 9 мыңнан асты. Ипотекалық компания 3,5 мыңдай үй тұрғызды, 7 мыңнан астамын «Нұх» Бәйтерек» салып берді. «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры есебінен 935 үй бой көтерсе, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 1 846 баспана берілді.
Еркебұлан Усманбаев, ҚР ИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы:
- Құрылысқа түрлі деңгейлі қаражаттардан 979,8 млрд қаражат қарастырылды. Оның ішінде басым көпшілігі жеке сырттан келген қаражаттар, 18 пайыздан астамы мемлекеттік қаражат. Бағдарлама шеңберінде жеке кәсіпкерлер мен жеке азаматтарға жеке тұрғын үй мүмкіндіктері қарастырылған.
Елбасы биылғы Жолдауында баспананың қолжетімділігімен қатар, оның сапасын арттыруды тапсырды. Соңғы 10 жылда елімізде құрылыс қарқынды дамып, баспанамен қамту көрсеткіші 30 пайызға артқан.
Сара Құрманғожина, ҚР ИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы:
- Егер БҰҰ әлеуметтік нормаларына келер болсақ, тұрғын үй адам басына 30 шаршы метрден келуі тиіс. Бірақ мұндай деңгейге әлі Еуропа елдері де жеткен жоқ. Оларда 25 шаршы метр. Қазақстанда әзірге бір адамға 21,6 шаршы метрден келеді. Елбасы 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізуді тапсырып отыр.
Өткен жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 4 549 салымшысы «Нұрлы жер» аясында қолжетімді несиемен баспаналы болған. Олардың 3 488-і алдын ала және аралық заем алған. Бұл – 30 пайыз алғашқы жарнамен 5 пайызпен несие алғандар. Ал тұрғын үйдің 50 пайыз сомасын жинап, пәтер алғандар қатары 1 052-ге жеткен.
Жансұлтан Матаев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Орталық филиалының директоры:
- 2017 жылы 30 млрд ақша игерілді, оның 22 млрд-ды ұлттық қордан берілді, қалған 8 млрд ақшаны Қаржы министрлігі осы бағдарламаны жүзеге асыруға берді, толық игерілді. 2018 жылы да жүзеге асыру жалғасады. 2018 жылы 7 мыңның үстінде пәтер салынып, іске қосылып, дайын тұр. Оған қоса 16 938 пәтер 2018 жылы салынады деген жоспар жасалып отыр. Биылға 24 млрд теңге ақша қаралып отыр.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» ел бойынша бір күнде 3 300-дей келісімшарт жасалады екен. Тек Астана бойынша күніне 200 адам арнайы шот ашады.
Блиц:
- 2012 жылы депозитке ақша сала бастадық, 2 бөлмелі үйге документ тапсырдық, аламыз деп үміттенеміз.
- 2003 жылдан баспанаға кезекке тұрдық. Осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өттік.
Айта кетейік, бағдарлама аясында әкімдіктерде тегін 10 соттық жерге кезекте тұрғандарға да бірегей үлгіде салынған үйлер ұсынылады. Биыл да республика бойынша осындай 414 баспана салынбақ.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Батырхан Ғаділбеков