Оралдағы «Ел ырысы» базарында тұрмыстық газ баллоны жарылды
Кеше Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарында тұрмыстық газ баллоны жарылып, 10 адам зардап шекті. 9 адам ауруханаға түсті. 4 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір жазатайым жағдайдың жай-жапсары анықталуда. Қылмыстық кодекстің 292-ші бабы бойынша іс қозғалған.
Оқыс оқиға кеше түске дейін базар ішіндегі мына мал сою орнында болған. Құрбандыққа шалынған қойлардың басын үйтіп жатқанда газ баллондардың бірі кенеттен атылып кеткен. Жарылыстан жақын жердегі 10 адам зардап шекті. Екі жасөспірім балалар ауруханасына түсті, оның бірі жансақтау бөлімінде. Ал қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылған 7 науқастың 4-і политравма бөлімінде болса, 3-і реанимация бөлімшесінде екен. Олардың денесінің 91%-ін күйік шалған.
Дияс Жайлаубайұлы, Орал қалалық аурухана директорының орынбасары:
- Жағдайлары өте ауыр деп саналады. Біреуінің есті есеңгіреу, екеуінің есі анық, гемодинамикасы тұрақты, демалысы өздігінен. Емдеу протоколдары, стандарттары бар Қазақстан бойынша, барлығы сол стандарт бойынша ем жүргізіп жатыр.
Жарылыстың себебі әзірге беймәлім. Қазір қылмыстық іс қозғалды, сараптама тағайындалды. Оқыс оқиғаға қауіпсіздік қағидаттары сақталмауы себеп,- дейді мамандар. Ауа температурасы 37 градусқа дейін барған ыстықта баллондар шақырайған күннің көзінде тұрған.
Әлішер Рафих, БҚО төтенше жағдайлар департаментінің аға анықтаушысы:
- Газ баллонды қайдан алғаны жөнінде, қайдан толтырғаны жөнінде ақпарат нақтылануда. Арнайы мекемелер бар, солармен хабарласып, солардан газ баллондар ала аласыздар.
Алайда тұрғындар газ баллонды арнайы стансалардан толтыра алады деген төтеншеліктердің сөзін өзге мемлекеттік мекемелер жоққа шығарады. 2 жыл болды, қалада тұрмыстық газ құтыларын құятын, жарамдылығын тексеріп, салмағын, қысымын қадағалайтын бірде-бір кәсіпорын жоқ көрінеді. Босаған баллондар автогаз құю қосындарында қосымша ақыға жасырын толтырылады.
Меруерт Жұмақанова, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Рейдтік жұмыстар жүргіземіз, стансаларға, жағар май стансаларына газ баллон толтыруға болмайды деген. Бірақ ұсталғандары жоқ. Жалпы қаламыз 99 пайызға газдандырылған болып есептеледі. Алайда газ баллонды қолдану фактілері орын алып жатады.
Бір үлкен газ баллонды толтыру құны 3 мың. Енді есептей беріңіз, газдың литрі 64 теңге, бір баллонға 25 литр пропан, 1600 теңге кетеді. Үстіндегі 1400 теңге газ құйған оператордың қалтасында қалады. Әрине әрекет заңсыз, бірақ екі жақ та разы. Айналғанда әбден ескірген газ құтылары бір күні болмаса бір күні сыр береді. Бұрын бұл мәселені өнеркәсіп қауіпсіздігі департаменті қадағалайтын, алайда 10 жыл бұрын бұл қызмет олардан алынып тасталған.
Бейбіт Шалабаев, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті БҚО департаментінің бөлім басшысы:
-Бес жыл сайын газ баллон тұрмыстық газ баллондар техникалық куәландырудан өтіп тұру керек. Бірақ ол қазір өтіп жатыр ма, жоқ па, оған ешкім жауап бермейді. Бәрібір халық ол газ баллонды пайдаланады ғой деп есептеймін.
Сондай-ақ газ баллондарды пайдалану мерзімі 30 жыл болса, қазіргі қолданыстағы құтылар 70-80 жылдары жасалған екен. Содан да шығар жыл санап жарылыс жиілеп барады. Соңғы алты жылда елімізде 474 рет газ баллоны мен газ қоспасы жарылған.
Авторлар: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов.