Президенттің бес әлеуметтік бастамасы ел дамуына оң серпін береді
Елбасының әлеуметтік 5 бастамасын естігенде, халықтың төбесі көкке бір елі жетпей қалғаны рас. Қазір әлемнің көп елі мемлекет қаржысын әлеуметтік шығындарын қысқарту есебінен үнемдеп отыр. Ал қазақ елі керісінше халықты қолтығынан демеп, тұрмысын жақсарта түсуге жәрдем қылмақ. 5 бастамаға бөлінетін қаржы да есептеліп қойды.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
- Біз қосымша үш қаржы көзін пайдаланамыз. 190 млрд теңге көлемінде қосымша салық түсімдері бар, 117 млрд теңге – өткен жылдан қалған қаражат. Бюджет тапшылығын 118 млрд теңгеге көбейтіп жатырмыз. Бұл қаржы Елбасының өткен жылғы, биылғы Жолдауындағы міндеттер мен 5 әлеуметтік бастаманы іске асыруға жұмсалатын болады.
Елбасы қосымша 20 мың грант бөлуді тапсырғаны белгілі. 5 млрд теңге гранттарды қаржыландыруға жұмсалмақ. Ал 20 млрд теңге микрокредиттеу саласына бағытталады. Айта кетейік, халық әсіресе «7-20-25» бағдарламасына ерекше қуанды. Қазір Ұлттық банк ипотекалық кредиттерді сатып алу үшін еншілес ұйым құратынын мәлімдеп үлгерді.
Тамызда беріле бастауы тиіс жаңа ипотекаға қызылордалық мұғалім Анар Рахманбергенова үміт артып отыр. Депозитке салғаны пәтердің 20 пайызына ғана жетеді.
Анар Рахманбергенова, қала тұрғыны:
- Бұрын тұрғын үй алу үшін үйдің 30 пайызын жинақтауымыз керек еді. Ал қазір 20 пайызға төмендеп отыр. Кредиттің құтылатын мерзімі 25 жылға дейін ұзартылып отыр. Қарапайым халыққа өте жақсы жеңілдіктер болып отыр.
Сыр өңірінде былтыр 612 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Ал биыл 1 664 пәтерлі 42 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Арнұр Нұрмағанбетов, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл жерде сатып алу құқысыз жалға берілетін тұрғын үйлер бар. Ол кезектегі азаматтарға тегін беріледі. Сосын жеңіл пайызды несиемен алатын кредиттік үйлер бар. Жеке құрылыс салушылармен жүргізіліп жатқан көпқабатты үйлер де бар. Олар да жеңілдік пайызбен Елбасының тапсырмасына байланысты жаңағы бағдарламаның аясында іске асырылатын болады.
Ал еліміздің оңтүстігінде «7-20-25» бағдарламасы жарияланғалы тұрғын үй салуға ниетті инвесторлар қатары артқан. Жыл соңына дейін Шымкент қаласында жаңа бағдарлама негізінде 16 тұрғын үй тапсырылады.
Құттыбек Жамашев, Облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- 104 жеке құрылыс салушылар есебінен. Тұрғын үй салу үшін біріншіден, несие алғанына 7 пайыздық көмек көрсетіп отырмыз, субсидия. Ол деген құрылыс салуға жеңілдік. Екіншісі, оны өткізу кезінде бұрын тек қана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы өткізілсе, енді екінші деңгейлі банктер арқылы да өз шешімін тапқалы отыр.
Елбасы шағын несие көлемін көбейтуді де тапсырғаны мәлім. Бұған иек артқан Алматы облысының іскер әйелдері ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды қолға алмақшы. Аймақтағы 110 мыңнан астам кәсіпорынның 42 пайызын әйелдер басқарады екен.
Ләззат Рамазанова, «Атамекен» ҰКП іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі:
- Қаражаттарды осыған келтіріп, оқу процесін бастаймыз. Білім беру арқылы қыз-келіншектердің арасын былайша айтқан кезде «пісіреміз». Бір-бірін білген, бір-біріне сенім артқан кәсіпкерлер осы кооперативтік қозғалысты ары қарай алып кетеді деген сенімдемін.
Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында да жеке кәсібін ашқандар аз емес. Бизнес иелері былтыр 130 млн теңгенің несиесін жаратыпты. Айнабұлақ ауылдық округінде Манарбек Құрметұлы түйе өсіріп, шұбат өндіріп отыр. Ал Жарсу ауылында құс шаруашылығын іске қосқан Гүлден Бақтиярова кәсібін кеңейтуге несие алмақшы.
Гүлден Бақтиярова, кәсіпкер:
- Болашақта бордақы малын өсіріп, күркетауық өсірсек пе деген ойдамыз. Елбасымыз бізге берген 5 жобасына мен өте қуаныштымын. Несие алсақ, бізге де жаман болмас еді.
Әлеуметтік 5 бастама аясында тағы 20 мың грант бөлінеді. Атыраулықтар бұған ерекше қуанып отыр. Облыста кадр тапшы. Әсіресе аудан-ауылдарда дәрігер, мұғалім, мал дәрігері мен агроном жетіспейді. Биыл жергілікті әкімдік 222 білім грантын бөлген. Оған қосымша тағы 300 маманды жергілікті бюджет есебінен оқыту жоспарланған.
Мөлдір Қабышева, Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы:
– Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында студенттерге өңірлік гранттар беру жұмысы жалғасады. Алдағы 5-6 жылда облысқа қажетті мамандардың жетіспеушілігі толықтай жойылатын болады.
Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды да Елбасы міндеттеп отыр. Батыс Қазақстан облысында осыдан 10 жыл бұрын халықтың 68 пайызы ғана көгілдір отынның игілігін көрсе, бүгінде 94 пайызы табиғи газға қол жеткізіп отыр. Биыл тағы 23 ауылға газ тартылмақ.
Қуаныш Шарафутдин, БҚО Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- 23 елді мекенді қосқан жағдайда 95 пайызға жетеміз. Сосын Казталов ауданы бойынша 13 елді мекенді газдандыруға тиісті қаражат бөлінді. Зеленов ауданы бойынша тағы бір жобаға облыс бюджеті қаражат бөлінді.
Ал Шығыстағы Зайсан ауданына қарасты бүкіл ауылды алдағы 2 жылда көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Мұндағы газ қоры енді игеріле бастаған. 5 жыл бұрын тек 56 үйге ғана газ берілсе, қазір бірнеше ауыл өркениет жетістігіне қосылған.
Марат Молдағаров, Зайсан қаласының тұрғыны:
- Бұрынғыдай от жағып, осы жерде ағаш жағып, көмір әкеліп, күл шығарып жүретінбіз. Оның бәрін қойдық. Қазір міне есептеп көрсек, елдердің бір айда жағатын көмірінің бағасымен бір ай жаққан газды қарасақ, 3 есе арзан екен бізге. Ал тамақ пісіретін плитамыз тіпті 10 есеге дейін төмен.
Темірбек Қасымжанов, аудан әкімі:
- Көмірдің бір тоннасы қазір 11 500 теңге болса, ал газдың бір текше метрі 11 теңге 20 тиын. Сонда қарасаңыз, 10 есеге азайып отыр. Халыққа экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да өзінің үлкен ықпалын тигізіп отыр деп айта аламын.
Ал солтүстіктегі кей аудандарда газ әлі жоқ. Анатолий Дудников 7 ай қыста пеш жағып әлек болады. Ал жергілікті билік: «Проблема бір жылдан кейін шешімін табады», – дейді.
Андрей Калиничев, Облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- 2019 жылы Астанаға көгілдір отын келеді. Ол үшін елімізде арнайы жол картасы әзірленді. Ал екінші кезеңде газ құбыры магистралін Көкшетау арқылы Петропавлға дейін тарту көзделіп отыр. Сондықтан өңірді газдандырудың ауылы алыс емес.
Айта кетейік, әзірге халықтың 50 пайызы ғана табиғи газдың игілігін көріп отыр.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Ал 5 бастаманың тағы бірі, салық жүктемесін азайтуға қатысты Ұлттық экономика министрлігі 1 шілдеге дейін Үкіметке ұсыныстарын жолдайтын болады. Еңбекақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жұмысшылардың жеке табыс салығы 1 пайыздан аспауы керек. Салықты кеміту есебінен артылатын ақша олардың жалақысына қосылуы тиіс.
Авторлары: Индира Жылқайдарова