Көне пештің көшірмесі
1994 жылдың қараша айында Ұлытау өңіріне жасаған сапары барысында Елбасы Жезді музейіне соғып, ежелгі пештің көшірмесінде ең алғаш мыс балқытқан болатын. Сол көне пеш бүгінде көпшілік қызықтайтын жәдігерге айналған. Ертеректе бабаларымыз дәл осылай мыс қорытып, қазақ жерінде дала өркениеті қарыштап дамыды, - дейді музей қызметкері.
Зейпін Қазанбаева, мұражай директоры:
- Перғауындар заманында Египетте 1500 жылда 10 мың тонна таза металл балқытылған. Ал Қазақстан территориясында 700 жылда 450 мың тонна металл балқытылған. Металл адамзаттың өркениетін білдіретін дәлелдердің бірі.
Тастан қаланған көне пештер ағаш, мал сүйегі, басқа да қатты отынның көмегімен әуелі қыздырылады. Кейін металл балқытылып, шамамен 12 сағатта құйма алынады. Пештің қызуы кетпес үшін сырты түгел қышпен сыланған. Дәл осы әдіспен Елбасының қолынан шыққан құйма қазір мұражайдың төрінде сақтаулы. Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы бар құнды жәдігерді әр жыл сайын Президент күні қарсаңында қызықтап келетін мектеп оқушылары бұл жолы да дәстүрден жаңылған жоқ. Музей қызметкерлері, балаларға ежелгі металлургия тарихына қатысты өзге де бөлімдерді аралатып көрсетті.
Үрзия қапарова, мұражай қызметкері:
- Музейдің залдарында орналасқан археологиялық жәдігерлеріміз де осы тау-кен ісінің тарихына байланысты. Соның ішінде орталық Қазақстандағы қоныстардан алынған тас құралдар, қайла, балта, қола бұйымдар осы музейдің негізгі жәдігерлер қорын құрайды.
Балалар Президенттің домна пешінде шар болаттай шыныққанын жақсы біледі. Оның үстіне, жуырда ғана «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы ежелгі металлургияның тарихына қатысты біраз деректер жазып, біздің қызығушылығымызды одан әрі оятты, - дейді оқушылар. Айта кету керек, қазір Жезқазған-Ұлытау аймағында металлургияға қатысты 400-ге жуық археологиялық ескерткіш болса, соның басым бөлігі әлі де зерттелмей жатыр екен.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов