«Хабар Астана» командасы шағын футболдан чемпион атанды
Шымкентте қала әкімінің кубогы мен жүлдесін сарапқа салған БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан «Тәуелсіздік – тірегім» атты республикалық турнир болып өтті.
Журналистер арасындағы жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 13 команда қатысты. Жасыл алаңда доп тепкен әріптестер арасындағы бәсекенің топтан суырылып шыққан жартылай кезеңі көрермендер үшін есте қалды.
Жартылай финалда көзге түскен Алматының «Аламаны», елордадан келген «Хабар Астана», Қызылорданың «Ақмешіт» құрамасы ақтық сайысқа жолдама алып, ала доп көркін қыздырды.
Финалдық бәсеке «Аламан» командасы мен «Хабар Астана» арасында өтіп, 1:0 есебімен жеңісті «Хабарлық» жігіттер өз пайдасына шешті.
Сонымен «Хабар Астана» командасы шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында республикалық турнирде жеңіске жетіп, 1 миллион теңгені ұтып алды.
Жандос Айтбайұлы, «Аламан» командасының қорғаушысы, «Хабар» телеарнасының тілшісі:
- Бұл жарыстың бір мақсатын айтсақ, көптен көрмеген әріптестерді көріп, мәре-сәре болып қаламыз. Осындай үлкен жарыстарда көрмесек, күнде басымыз қосыла бермейді. Жарыстың ұтыс қорына миллион тұрғыны бар Шымкент қаласы миллион тігіп отыр екен. Аталмыш турнир уақытша ғана емес, жыл сайын өтетін, миллиондар асыға күтетін жарыс болса, дәстүрге айналса, нұр үстіне нұр болар еді.