Астанада Борис Керімбаевты еске алуға арналған республикалық турнир басталды
Астанада қазақтың «қара майоры» атанып кеткен Борис Керімбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир басталды. Бұл ауған соғысы ардагерінің құрметіне өткізіліп отырған алғашқы жарыс. Жасөспірімдер арасындағы бәсекеге 12 өңірден 250-ден аса үміткер келді. 17 жасқа дейінгі өрендер боз кілемде 10 салмақта кім мықтыны анықтайды. Жарыс 2 күнге жоспарланған. Дәл осы жас деңгейінің таңдалуы бекер емес. Тура бір айдан кейін Қаскелең қаласында Қазақстан біріншілігі өтеді және алдағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады. Осы тұрғыда «жасөспірімдер арасындағы жарысты жиі өткізіп, балалардың шеберлігін шыңдай түсу аса маңызды» дейді күрестің айналасында жүрген білікті мамандар.