Бүгін – Бекзат Саттархановтың туған күні
Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов тірі болғанда 39 жасқа толар еді. 20 жасында жарқ етіп шыққан жарық жұлдызымыз тым ерте сөнді. Аз ғана ғұмырында артында өшпес із қалдырған Бекзат Саттархановтың өмір жолы туралы «Хабар» Агенттігі фильм түсіріп жатыр.
Осыдан 19 жыл бұрын «Хабар» арнасының спорт комментаторы Амангелді Сейітханов дәл осылай сүйінші сұрап еді. Сол кезде қуанбаған қазақ жоқ шығар, сірә?! Жастықтың жалыны басылмаған 20 жасында өзін ғана емес, енді ғана тәй-тәй басқан тәуелсіз қазақ елін күллі әлемге танытқан Бекзат Саттарханов есімі қашан да ел есінде.
Сидней шаршы алаңында қарсыластарын атой салып жүріп ұтқан қазақ ұлының спорттағы табыстарын, балалық шағын, оның еңбекқорлығын қанша дәріптесек те артық болмайды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өнегелі із қалдырып кеткен батыр ұл жайлы кейінгі ұрпақ та білуі тиіс. Осы мақсатта «Хабар» Агенттінің тапсырысы бойынша түсірілген Бекзат Саттарханов туралы көркем туынды жарыққа биыл шыққалы отыр.
Мұрат Бидосов, «Бекзат» фильмінің режиссері:
- Қазір түсірілім жұмыстары бітіп, монтажы жүріп жатыр. Бірақ бұл тек қана телевизиялық жоба емес, үлкен экранға шығатын туынды болады. Солай жасамақшымыз. Енді ары қарай көрермен өз бағасын бере жатар. Қазір қызу жұмыс үстіндеміз.
Бокс қолғабын 15 жасында киіп, 20 жасында Олимп шыңына ту тіккен қайсар ұлдың қандай азамат болғанын қасында жүрген ағасы Ермахан Ибраимов жақсы біледі.
Ермахан Ибраимов, Олимпиада чемпионы:
- Қолынан келмейтін нәрсесі жоқ. Гитарада, домбырада ойнап, өлеңдерді айтып, адамның көңілінен шығып жүретін. Достар жинала қалса, бәрін өзіне баурап алып, әңгімесін айтып жүретін көпшіл жігіт еді.
Елден ерек туған Бекзат Саттарханов ерен еңбегінің арқасында елдің ерекше ықыласына бөленді. «Үш дүркін Олимпиада чемпионы болсам» деген тәтті арманы да болған. Өкінішке қарай ардақты азаматымызды сұм ажал арамыздан ерте алып кетті.
Ермахан Ибраимов, Олимпиада чемпионы:
- Дәрігер дәруменнің ішу керек уақытын айтса, Бекзат оятқышты сол уақытқа қойып, тура сол сағатта ішетін. Екіншіден Бекзат жүгіруге кеткен кезде оны біреу қуып жетем деп ойламайды. Себебі Бекзат жеке дара бәйгені бастап кетеді. Оның еңбекқорлығы соншалық, ол ешкімге жеткізбей кететін.
Бұл күндері Бекзат Саттарханов атында спорт кешені бар. Қала мен ауылдарда көше аттары берілді. Батыр ұлдың ерлігі жас ұрпақты тәрбиелеуде олардың бойындағы патриоттық сезімді оятуда үлгі болар дүние. Сондықтан Алматы секілді алып шаһардағы спорт кешендерінің біріне де Бекзат Саттархановтың есімін берсек, оның еш артықшылығы жоқ. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген батырымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев