Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі жаңа маусымның таныстырылымын өткізді

«Астана медиа апталығының» аясында «Хабар» Агенттігі жаңа маусымның таныстырылымын өткізді. Үш бірдей телеарнаның басын біріктірген Агенттікке келесі жылы 30 жыл толады. Мерейтойдың басын біздің ұжым биылдан бастап кетті. Осы жылы көрермендерге тек «Хабар» арнасының өзі 30-дан астам тележоба ұсынады. Ал сериалдарымыз ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие. Тек биылғы жылдың өзінде Агенттіктің 45 сериалы сатылды. Біздің өнімдер тек телевизиялық эфирде ғана емес, ғаламтор кеңістігінде де топ жарып келеді.

«Хабардың» YouTube желісінде еліміздегі №1 телекомпания екенін зор мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде біздің әлеуметтік желілеріміздің жалпы аудиториясы 7 млннан асады. Мұның бәрі обьективтілікті ту еткен тұрақтылығымыздың белгісі.

Данияр Меңілбеков, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- 30 жылдан бері шығып келе жатқан «7 күн» сараптамалық бағдарламамыз бар. Репортаж стилінде түсірілетін «Бізге хабарласқан». Жалпы көрермендердің сұрауына сай жасалатын бірнеше бағдарламаларымыз бар. Одан бөлек Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтар бар. Ол мына – «Еңбек адамы». Одан бөлек қазақ руханиятына қатысты жобаларымыз бар. Оның ішінде «Қазақ елі» деген циклмен жасалатын ондаған деректі фильмдеріміз бар.

«Хабар» Агенттігі – әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелер мен түрлі телемарафондардың да жаршысы әрі ұйытқысы. Сағаттап тікелей эфирде хабар таратын «24 KZ» телеарнасы – біздің үлкен телеотбасының мүшесі. Аталған арнада айына сан саланы қамтыған 3 мыңнан астам сюжет жасалып, көрермен назарына ұсынылады. Одан бөлек телеарналарымыз ұлттық спорттың дамуына да сүбелі үлес қосып келеді.

Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

- «Хабар» Агенттігінің басшысы мен ұжымына ерекше бір алғысымды айтқым келеді. «Хабар» Агенттігінің басшысы мен ұжымына 5 күн Көшпенділер ойынында күніне 16 сағат тікелей эфирде бүкіл жарыстарды Агенттік елге көрсеткен. Ол үлкен мүмкіншілік. Соны барлық ауылдар, бүкіл 20 млн қазақстандық соны тамашалады.