«Хабар» Агенттігінде тәжірибе жинақтап, білікті маманға айналған белгілі азаматтар
«Хабар» Агенттігі жаңадан құрылған кезде тілші болып келген жас буын, бүгінде отандық медиакеңістіктегі кәсіби тұлғаларға айналды. Нағыз оқиға ортасынан тілші ретінде ақпарат таратқан Айдос Үкібаев – бүгінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз-хатшысы. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз-хатшысы Берік Уәли халыққа «Бетпе-бет» бағдарламасынан танымал болған. «Сәлем, Қазақстан», «Қазақтар», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламаларын жүргізген Дана Нұржігіт бүгінде Сенат депутаты болды. Тілші әрі жаңалықтар жүргізушісі ретінде көрерменнің көзайымына айналған Ләззат Танысбай «Qazaqstan» телерадиокешенін басқарады. Танымал журналист, «7-арна», «Astana» телеарналарын басқарған Бибігүл Жексенбай да «Хабарда» көп жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтады. Әрине, бұл тізім осымен аяқталмайды. Ең бастысы, отандық медиакеңістікке жаңа леп алып келген «Хабар» Агенттігі көптеген журналист үшін үлкен мектеп.
Нұртілеу Иманғалиұлы:
- Қазақтандық телевизиялардың арасындағы «Хабардың» «Хабар» екендігін дәлелдейтін 3-4 қағидан,ы айтқым келеді. Біріншісі, «Хабар» – қазақ телевизиясына менеджментті әкелген арна. «Хабар» – ақпараттың әлемдік жүйесін қазақстандық формаға түсірген арна.
Айдос Үкібаев:
- Мен осы арнаға келіп, «Мен қалай осы араға түстім» деп кейде таңғалатын кезім болатын. Ол талантты ұстаздардың ортасы еді. Мен үшін қымбат кезең және бір үлкен өмір мектебі болды.
Бибігүл Жексенбай:
- Ең алғашқы Еуропадан жасалған тікелей эфир мен үшін үлкен жетістік болды.
Қымбат Досжан:
- 96-97 жылдары «Сәлем, Қазақстан» деген бағдарлама болды. 1,5 сағат бойы тікелей эфирге шығатынбыз. Таңғы 05:00-ден осы «Хабарда» боламыз. Онымен шектеліп қалмай, кешкі эфирге дайындаласың. Ол өзінше бір әлем еді.
Ләззат Танысбай:
- Хабарда көптеген дүниені бірінші рет жасадық. Мысалы тікелей трансляция және т.б.