Хабар телеарнасы

Депутат мигранттардың келуіне шектеу қоюды ұсынды

Мыңға жуық шетелдік Қазақстанда жүріп қылмыс жасаған. Бұл еңбек нарығын бақылаудың әлсіздігінен. Сенатор Бибігүл Жексенбай осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, елімізде 300 мыңға жуық еңбек мигранты бар. Түрлі заңбұзушылық жасағаны үшін оның 82 мыңы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал 965 шетелдіктің қылмысы әшкереленген. Сондай-ақ жалған мекенжайда тіркелген 22 мың еңбек мигранты анықталыпты. Олардың мұндай әрекетке баруына өз азаматтарымыз көмектескен. Мәселен, Қарағанды облысында жалған еңбек шарытын, медициналық анықтама жасайтын және заңсыз есепке алуыды кәсіп қылған қылмыстық топ ұсталыпты.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- Заңды және заңсыз мигранттардың Алматы, Астана, Шымкент және Маңғыстау облыстарында жинақталуы әлеуметтік-экономикалық қана емес, қауіпсіздік мәселелерінің туындауына да әкелуі мүмкін. Осы орайда ұсыныстар – біліктілігі жоқ еңбек күшін әкелуге тыйым болмаса да, шектеуді күшейту. Ыхтияр хатын алу мақсатында шетелдіктермен қиылған жалған некелер мен ажырасу фактілерін жіті тексеру.

Сенатор Әли Бектаев болса, отандық зертханалардың базасын жаңарту керек деген бастама көтерді. Оның айтуынша, бұл мекемелердің көпшілігінің қызмет ету мерзімі 50 жылдан асқан. Оған қоса апатты немесе жалға алған ғимараттарда жұмыс істеуде. Ал 2016-23 жылдар аралағында 15 зертхана жабылыпты. Қазір олардың тапшылығы әсіресе аудандық жерлерде қатты байқалады. Салдарынан шекараға жақын жердегі фермерлер ресейлік зертханалар қызметін пайдалануда. Ал базарлардағы азық-түліктің сапасын анықтау жеке зертханалардың еншісіне берілген. Олардың қандай анықтама беріп жатқаны ешкімге белгісіз.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- Біздің ойымызша, азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттің бақылауында болуы керек. Түрлі қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін сала қызметкерлерінің жалақыларының төмендігі мәселе. Ветеринарлық қызметкерлер арасында ең төменгі жалақыны лаборанттар алады. Шамамен 100-110 мың теңге. Биолог, энтомолог, химик 140-150 мың теңгенің көлемінде ғана жалақы алады. Осыған байланысты салаға жас мамандар келмейді. Келсе де тұрақтамайды.