Хабар телеарнасы

Республика күні Бейжіңде аталып өтті. Шетел жаңалықтары

Республика күні қарсаңында Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінде түрлі шаралар ұйымдастырылды. 

Республика күні Бейжіңде де аталып өтті. Ұлттық мереке «Балдырған» балаларды дамыту орталығында ұйымдастырылды. Патриоттық әндер орындалып, бүлдіршіндер өлең оқыды. «Алтын өлкем» атты көрмеге жеткіншектердің еңбектері қойылды.

Іс-шараға қазақстандық балалар мен олардың ата-аналарынан бөлек, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері де қатысты. Сонымен қатар аспаздар жәрмеңкесі өткізілді. Қазақтың ұлттық тағамдары әзірленіп, көпшілікке ұсынылды.

Алмания астанасында Қазақстанның Республика күніне арналған салтанатты қабылдау кеші өтті. Оған Бундестаг депутаттары мен министрлік өкілдері, іскерлік және ғылыми қауым мүшелері мен шетелдік дипломаттар, сондай-ақ Германияда тұратын қандастарымыз бен Қазақстанда туып-өскен немістер қатысты.

Еліміздің Германиядағы елшілігі ұйымдастырған мерекелік іс-шарада ән-күйден бөлек, қазақы дастархан да жайылды. Мерекелік іс-шарада германиялықтар елімізді Республика күнімен құттықтап, Қазақстанның қарқынды дамуына тілектестік білдірді.

Ал АҚШ астанасы Вашингтонда Түркі елдерінің дәстүрлі фестивалі өтті. 2003-ші жылдан бері ұйымдастырылатын жиында түбі бір түркі жұртының ұлттық киімі, өнері һәм мәдениеті насихатталады.

Биылғы шараға бауырлас қазақ, түрік, өзбек, және қырғыз елдерінің өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын аталған фестивальді көруге 20 мыңға жуық адам келеді.