Жезқазғанда С.Сейфуллиннің жеке заттары көрмеге қойылды
Жезқазғанда мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің Жаңаарқа музейінде сақталған жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 100-ге жуық жәдігер қойылған. Бұл бұйымдарды Сәкен Сейфуллиннің туыстары өткен ғасырдың 60-шы жылдары мұражай қорына өткізген. Мұнда киген киімдері мен қамшысы, пайдаланған заттары – құман, шәйнек, қант ұсатқыш бар.
Көрме ақынның туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Алдағы екі апта бойы Ұлытау облысының өзге де қала-аудандарында өткізіледі.
Ерболат Шубаев, Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Бұл көрменің басты мақсаты – ұлы тұлға Сәкен Сейфуллиннің саусақтарының табы қалған заттар мен бұйымдарын халыққа көрсету. Көрмеге біз Сәкеннің өзі ұстаған заттарын әкеп отырмыз. Алдарыңызда Сәкеннің өзі киген шапаны тұр. Бұны бізге інісі Мәжит Сейфуллин мен жұбайы Әмина апамыз әкеп өткізген болатын.