«Хабар» арнасының тапсырысымен түсіріліп жатқан «Побег» телехикаясы көктемде көрсетіледі
Күздің қара суығына қарамастан, түсіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Экшн жанрындағы 5 бөлімнен тұратын телехикая болған оқиға ізімен түсірілмек. Яғни 2010 жылы Ақтау түрмесінен қашқан 21 адамның қанқұйлы оқиғасы суреттеледі. «Бұл жобаны түсірудегі басты мақсатымыз – Ұлттық ұланның шынайы бет-бейнесін көрсету, олардың қандай ерлік жасауға дайын екендіктерін паш етіп, жастарды әскери борышын абыроймен өтеуге шақыру», – дейді фильмнің бас режиссері Серікбол Өтепберген.
Қажымұқан Қалымбетов, актер:
– Мен бұл жобада өмірде болған прапорщик Үмбетқалиевтің рөлін ойнап жатырмын. Мен үшін үлкен құрмет. Себебі ол ең алғаш болып оқиға орнына келіп, қашқындарды бір ғимараттың ішінде қоршап, қалған топ келгенше, сол жерде ұстап отырады.
Фильмде басты рөлде ойнайтын Санұржан Сүлейменов өмірде болған батыр адамның рөлін алып шығу қиынға соққанын, дегенмен тапсырылған үлкен жауапкершілікті түсінетінін жеткізді.
Санұржан Сүлейменов, актер:
– Шыны керек, түсірілім алдында біздің дайындығымыз болды. Гвардияда солдаттармен бірге бірнеше уақыт тұрып, солдаттың кім екенін түсіндік. Даладан келіп, солдаттың бейнесін бейнесін көрсету оңай емес.
Қазан айында басталған түсіру жұмыстары желтоқсанда аяқталып, келер жылдың көктемінде «Хабар» арнасынан көрсетіле бастайды. «Шытырман оқиғаға негізделген фильмнің нақты қалай аталатынын қайта ойластырамыз», – дейді жоба авторлары.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев