Астаналық экономикалық форум – үлкен мүмкіндіктер алаңы
Астана экономикалық форумында Қазақстанның ғана емес, әлемнің проблемасы қозғалады. Алпауыт компанияны дөңгелетіп отырған миллионерлерден бастап ел басқарған басшыларға дейін келеді. Бар білгенін айтады. 11 түрлі тақырыпқа арқау болған проблеманың жауабын табуға тырысады. Тек экономикалық емес, әлеуметтік мәселелер мен адами құндылыққа қатысты.
Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Жер жиһандағы қазіргі экономикалық ахуал қандай? Не істемек керек? Сағат сайын емес, минут сайын өзгеріп отырған технология заманында нарыққа не ұсынамыз? Форумда осы сұрақтардың нақты жауабы айтылады. Біздің сарапшылар солай деп отыр.
Еркебұлан Аманғосов, Еуразиялық интеграциялық институтының бас сарапшысы:
- Жаһандық басты сауалдарға жауап іздеу Қазақстан үшін алатын орны маңызды. Біз өзіміз рухани жаңғыру деп нақты жоспар қойдық. Бірақ қазір жауаптан гөрі сұрақ қою маңызды болып тұр.
Дұрыс сұрақ қойсаң, дұрыс жауап аласың. Сұрақты қоятын да, жауабын беретін де – экономиканың майлы жілігін ұстаған сарапшылар. Қазақстан секілді дамушы мемлекетке осындай форум өткізу – жазылмаған заңдылық. Мұны да сарапшылар айтып отыр.
Шахарбану Жакупова, Экономикалық зерттеулер институты ақ басқарама төарағасының орынбасары:
- Цифрлық экономика әлемі өзгеріп жатыр. Жақсы жағы көп, әрине. Транзакциялар қысқаруда. Қазір бизнеске мүмкіндік көп. Біз әлемдік сарапшылардың бірінші кезекте тәжірибесін үйреніп алсақ деп отырмыз. Оларды оқыған басқа, көзбе-көз сөйлескен бір басқа.
Қазір заман да, талғам да басқа. Бүгінгіні емес, ертеңгі, тіпті келер жылғы дүниелерді ойлайтын кезең. Өйтпеске болмайды. Жаңашылдық керек. Экономикалық форум сол жаңа мүмкіндіктерге, жаңа белестерге жол ашатын алаң болмақ.
Авторы: Айдар Төлжанұлы