Астанада 500-дей адам мұзға тайып жығылған
Ақпан басталғалы елордалықтарды да көктайғақ пен ақтүтек боран, толассыз жауған қар әуреге салып жатыр. Қала көшелерінде көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің жүріп тұруы қиындаған. Коммуналдық қызмет мамандары, екі аптаның ішінде 1 млн текше метрден астам қарды қала сыртындағы полигондарға шығарған. Көктайғақтың кесірінен зардап шеккен азаматтар да бар. Тілшіміз жалғастырады.
Ақпанның басында ауа райы астаналықтарға жылы шырай танытқандай еді. Бірақ елордалықтардың қуанышы ұзаққа бармады. Осы апта еріген қар қайта қатып көшелер көктайғаққа айналды. Ал кеше түнде жауған қардың соңы бүгін сары аязға ұласып барады. Синоптиктер түнде ауа температурасы 30 градусқа дейін суытады деп болжап отыр.
Қолайсыз ауа райының салдарынан бүгін елордада 9 сыныпқа дейінгі оқушылардың барлығы онлайн оқыды. Себебі даладағы ақ қардың асты көк мұз. Мектепке жету мұң.
Апта басталғалы қаладағы травматологиялық пункттерге мыңнан аса адам жүгініпті. Арасында ауыр жарақат алып ауруханаға жатқызылғандары да бар.
Айжан Ақай, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
-Апта басталғалы травматологиялық пункттерге 1 мыңға жуық адам түсті. Оның ішінде 500-ге жуық адам көшеде жарақат алған. Көшеде жарақат алу салдарынан травмпунктке жүгінгендердің 30-дан астамы ауруханаға ем қабылдауға жатқызылды.
Қала коммуналдық қызмет мамандары көктайғақпен күресте аянып қалып жатқан жоқпыз дейді. Тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп, жолдар мен тротуарларды мұздан тазарту, реагенттер себу жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Бүгін қала бойынша қар тазалау жұмысына 2400 жұмысшы мен 1500-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Тимур Ахметов, «Астана Тазалық» ЖШС өндірістік техникалық бөлімінің бас маманы:
-Технология бойынша тұз, құм шашамыз, ол 3 сағаттай жатады. Біраз реакцияға түсіп ерігеннен кейін арнайы техникамен сыпырамыз. Өзіміздің мекеменің арнайы техникалары бар. Басқа да мердігерлерден жұмылдырып жатырмыз.
Қазір елорданың кей көшелері дәл осылай жалтырап жатыр. Ал осы көк мұзда тайып жығылып майып болмау үшін жұрт түрлі амал тәсілдерді пайдаланып жатыр. Мәселен, мынадай бүрі бар резеңке табанды киіп алсаңыз болады. Ал мұны сатып алуға ақшаңызды қимасаңыз, тағы бір қарапайым тәсіл бар. Мынандай шұлықты аяқкиімнің сыртынан киіп алу керек.
Авторы: Досжан Ысқақ