АЭФ-ке Сингапурдағы «Meinhardt Group» компаниясының атқарушы директоры келеді
11-ші саммитте 11 мәселе қаралатынын айтқан едік. Соның бірі – digital, яғни сандық жүйені дамыту тақырыбы.
Сарапшылар: «Цифрлы қоғам құруға ұмтылған біздің ел үшін бұл саладағы соны тәжірибелерді үйрену өте маңызды», – дейді.
Астаналық экономикалық форумына Сингапурдағы Meinhardt Group-тің атқарушы директоры Кевин Чонг келеді. Ол «Цифрлық мемлекеттік басқару» тақырыбына арналған жиында баяндама оқиды.
Чонг қатысушыларға өзінің компаниясында тиімді пайдаланып отырған көптеген ақпарат түрлерін цифрландыру тәжірибесімен бөліседі.
Meinhardt Group-тің 47 елде өкілдігі бар. Одан жіберілген мәліметтер арнайы базада сақталады. Егер корпорацияның бір бөлімшесі ғимараттың ақпараттық технологиясына жаңа моделдеу енгізсе, қалғандары да тәжірибемен бөлісе алады.
Кевин Чонг, Meinhardt Group компаниясының атқарушы директоры:
-Біз жергілікті дарын иелерінің қабілетін дамыту мақсатында тәжірибе алаңын құрдық. Біздің орталықтар «Смарт сити» жүйесі бойынша жұмыс істейді. Осылайша су ресурстары жобасын басқаруда жергілікті инженерлердің техникалық дайындығы қамтамасыз етіледі. Заманауи әдіс Біріккен Араб Әмірлігінде тиімді қолданылып жатыр. Ендігі кезекте Жібек жолының экономикалық аймағындағы өзге елдерге, сондай-ақ Қазақстанға да енгізіледі.
Инновациялық жаңалықтар медицина саласында да пайдаланылмақ. «Өмірді ұзарту ғылымы» қорының президенті Михаил Батиннің арманы – кәрілікті жеңетін дәрі ойлап табу. Ол мақсатын іске асыру үшін миллиондаған адамды жұмылдырмақ. Оның альцгеймер, қатерлі ісік және жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресетін «Open Longevity» атты жобасы бар. Ғалым Астана экономикалық форумынының «Ұзақ өмір сүру әлемі» сессиясында «биохакинг» дегеніміз не, кәрілікті қалай тоқтатуға болады және де тіршілік етіп ортырған ортамызды қалай сапалы етеміз деген сияқты тақырыптарда баяндама жасайды.
Михаил Батин, «Open Longevity» жобасының негізін қалаушы:
-Форум барысында бүгінде кең етек алған кәрілік мәселесін жеңу үшін миллиондаған адамды жұмылып, тер төгуге шақыра аламын деп ойлаймын. Бізде осындай мүмкіндік бар, оны уысымыздан жіберіп алмауымыз керек. Ертеректе Билл Клинтон, Берлускони мен Нұрсұлтан Назарбаев сияқты көшбасшылар адам өмірін ұзарту мен оның сапасын арттыру Марсқа ұшудан да өзекті әрі маңызды екенін айтқан болатын.
Астаналық экономикалық форумы – әлем ғалымдары мен сарапшылары жиналып, жаһандық мәселелерді көтеретін алаң. Онда экономика ғана емес, ғылым мен медицина және де мәдениет салалары да кеңінен талқыланады. Сарапшылыр бірлескен жұмыс барысында аты аталған мәселелердің сүбелі шешімі табылатынына сеніммен қарайды.
Авторлары: Дана Нұржан, Владислав Цой, Ольга Лян, Александр Любителев